Қазақстан азаматтарына шекара маңы жерлерін игеруге шектеу қоюға болмайды - Қ.Айтаханов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан азаматтарына шекара маңы жерлерін игеруге шектеу қоюға мүлдем болмайды. Бұл туралы бүгін Жер реформасы мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов айтты.
None
None

«Күн тәртібінде былай жазылыпты: «Қазақстан Республикасы шекарасы маңынан берілетін ауыл шаруашылығы жерлерін беруге шектеу туралы». Кімге беруге шектеу туралы? Шетелдіктерге ме, жоқ қазақстандықтарға ма? Мына жерде қазақстандықтарға деп жазылыпты. Ал егер қазақстандықтарға болса, онда оған шектеу қоюға мүлдем болмайды. Керісінше, қазақстандықтар шекаралық жерлерді барып игерсін. Көбірек игерсін. Неге біз қазақстандықтарға шектеу қоямыз? Егер Қазақстан азаматтары шекара маңынан жер алып, шаруашылығын жақсылап жүргізсе, ол шекара нығая береді. Сол себептен бұл шектеуді қазақстандықтар үшін мүлдем алып тастауымыз қажет», - деді депутат.

Сонымен қатар ол шекарамыздың мыңдаған шақырым жерінде ешкім тұрмайтындығын, иен қалғандығын атап өтті.

«Сол шекараны барып игеруіміз керек. Сол шекарада елді мекендер құруымыз қажет. Сол жердегі жерді игеруге тиіспіз. Яғни, бұл мәселе бүгінгі отырыстың күн тәртібіне дұрыс қойылмаған. Ал шетелдікке жалға беру мәселесі бүгінгі күн тәртіпте жоқ. Ол туралы бүгін әңгіме болмайды», - деді Қ.Айтаханов.

Соңғы жаңалықтар