Қазақстан азаматтығын алғым келеді – Ресейлік блогер Президент марапатына ие болды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ресейлік блогер, «Алға Петербург» жобасының авторы Иван Червинский екі ел арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан алғыс пен төсбелгі алды. Президентпен кездесуі жайында блогер Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Иван Червинский алғаш рет 2017 жылы Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы жөнінде бейнематериалдар жариялай бастаған және осылайша тұтас Қазақстан мәдениетімен танысқан.
Әншінің Қазақстандағы концерттеріне келіп, түрлі шетелдік фанаттармен онлайн концерттер өткізген.
Тіпті 2021 жылы екі ай бойы достарының шақыруымен Қазақстанда болған.
Қазір Иван қазақстандық мәдениет және спорт қайраткерлерінің жетістіктері туралы көп айтады. Қазақ тілін үйреніп, қазақтың ұлттық киімін киеді. Шапан – суық және желді ауа райында таптырмас киім деп есептейді.
«Астанаға келгеніме төрт күн болды, ал жалпы 6 жыл бойы Қазақстан туралы блог жүргізіп келемін. Бұл елді жақсы көремін, өмірлік жоспарларымды Қазақстанмен байланыстырамын және өз тарапымнан республиканы барынша кеңінен таратуға күш саламын. 2017 жылы Қазақстан жөнінде білетінім аз еді, ал қазір мәдениеті мен спортын жақсы білемін. Алты жыл бұрынғы өзім сияқты басқаларға да Қазақстанды тануға көмектескім келеді», - деді блогер Jibek Joly телеарнасында.
Қазіргі уақытта Иван Түркияда тұрады, онда да қазақ достары шақырған. Блогер олармен қазақша сөйлесуге тырысады және әзірге тұрмыстық деңгейде қазақ тілін түсінеді.
Сондай-ақ, блогер Қазақстан азаматтығын алуды көптен бері армандайтынын айтты.
«Мен көптен бері Қазақстан азаматы болуды армандап келемін. Осымен алтыншы жыл жоспарларымды Қазақстанмен байланыстырып келемін. Менің барлық достарым – қазақтар. Қазақстан Президентінің алғыс хаты мен төсбелгісі – керемет тосынсый болды. Youtube арнамыздың статистикасы жақсы, тамаша видеоларымыз бар, бірақ осындай жоғары деңгейде біздің жұмысымызға көңіл бөледі деп ойламадым. Маған Президент Әкімшілігінен хабарласқанда қатты қобалжыдым. Қасым-Жомарт Кемелұлын көргенде оның болашаққа бағдар алған, Қазақстанның қамын жейтін, өте заманауи адам екенін түсіндім. Мұндай марапаттар алудың өзі .лкен мәртебе», - дейді Иван Червинский.

Айта кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы өтті.
Онда Мемлекет басшысының Жарлығымен халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сiңiрген еңбегi үшiн бірқатар азамат марапатталды.