Қазақстан азаматы заңдастырған ең қымбат шетелдегі жылжымайтын мүлік белгілі болды

Бұл туралы бүгін ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Тәуекелдер, талдау және статистика басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Сағынаев мәлім етті.
«Ең қымбат нысан жайында айтар болсақ, олар негізінен біздің азаматтарымыздың иелігіндегі Әмірліктердегі зәулім сарайлар құрайды. Бұл сарайлардың орташа бағасы шамамен 100 млн теңгені құрап отыр», - деді ол.
Е.Сағынаевтың сөзіне қарағанда, Қазақстан азаматтары Чехия, Болгария, Германия, Ұлыбритания, Ресей мен Өзбекстан елдеріндегі өздерінің жылжымайтын мүліктерін заңдастырып алған. Соңғы екі елде қазақстандықтардың негізінен пәтерлері мен жеке тұрғын үйлері бар. Мұнан бөлек, ел азаматтары Германия, Ұлыбритания, Ресей, Өзбекстан мемлекеттеріндегі құнды қағаздарын заңдастырған.
«Толықтай алғанда, бүгінгі күні республика бойынша мүлік пен ақшаны жария етуге арналған өтініштердің сомасы 1,8 трлн. теңгеден асып, оның 1,6 трлн. теңгесі ресми заңдастырылды», - деді ол.