Қазақстан Әзербайжан арқылы Еуропаға «жасыл» электр энергиясын экспорттауды қарастырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясын Әзербайжан арқылы Еуропаға жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ол үшін Орталық Азия елдері Каспий теңізінің түбімен терең суасты кабелін тарту жобасын пысықтайды. Бұл жоба Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылғаннан кейінгі ынтымақтастықтың келесі ірі инфрақұрылымдық бағытына айналуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Minval Politika басылымына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісі.

посол Казахстана в Азербайджане Алим Байель дал интервью изданию Minval Politika
Фото: Серікбол Қошмағанбетов/Kazinform

Дипломаттың айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан Каспий теңізі арқылы кабель тарту жобасы бойынша бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Ол Орталық Азияда өндірілген электр энергиясын Әзербайжан аумағы арқылы Еуропа нарығына тасымалдауға мүмкіндік береді деп болжанып отыр. Әлім Байел бұл бастаманы өңірлік ынтымақтастықтың перспективалы бағыты деп атап, оның цифрлық кабельден кейінгі Каспий арқылы өтетін екінші ірі инфрақұрылымдық жоба бола алатынын жеткізді.

Мұндай алғашқы жоба іске асырылып та қойды. 2026 жылғы 15 қазанда Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері Ақтау мен Сумгайыт арасындағы суасты талшықты-оптикалық байланыс желісінің ашылуына қатысты. Оның өткізу қабілеті секундына 400 терабиттен асады. Әлім Байелдің сөзінше, бұл желі трансшекаралық цифрлық қызметтерді дамытуға, жасанды интеллектіні енгізуге және екі елдің технологиялық өзара іс-қимылын кеңейтуге қосымша мүмкіндіктер ашады. Ол мұны Каспий теңізі арқылы сәтті жүзеге асырылған алғашқы инфрақұрылымдық жоба деп атады.

Тағы бір негізгі бағыт — Орта дәлізді дамыту. 2026 жылғы 15 қазанда Қазақстан мен Әзербайжан көлік маршруты саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. Құжат дәліз жұмысын одан әрі үйлестіруді көздейді және басқа да мүдделі елдердің, соның ішінде Грузия мен Түркияның қосылуы үшін ашық.

Келісімнің басты жаңалығы дәлізді үкіметаралық деңгейге шығару арқылы оның мәртебесін көтеруі болды.

Елшінің айтуынша, 2020–2025 жылдар аралығында осы бағыт бойынша жүк ағыны бес есе артқан. Дегенмен тасымал көлемін одан әрі ұлғайту үшін порт қуаты мен флотты кеңейту, жүктерді өңдеуді жеделдету және электрондық құжат айналымын дамыту қажет. Атап айтқанда, Қазақстан Баку кеме жасау зауытына екі кеме құрастыруға тапсырыс берді. Олар 2027 жылы жеткізіледі деп жоспарланған.

-  Біз жай ғана дәстүрлі саудадан бірлескен кәсіпорындар құруға көшуіміз керек, - деп атап өтті Әлім Байел.

Тұрақты бағыттардың бірі — қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу. 2025 жылы Әзербайжанның астық импортының 55%-дан астамы Қазақстанға тиесілі болды. Сондай-ақ республика Әзербайжан нарығына бидай жеткізуші ең ірі елге айналды.

Жаңа жобаларды қолдау үшін 2024 жылы тараптар бастапқы капиталы 300 млн долларды болатын бірлескен инвестициялық қор құрды. Дипломаттың айтуынша, қор ірі көлік және энергетикалық жобаларды, сондай-ақ шағын және орта бизнес бастамалары мен бірлескен өндірістерді қаржыландыру құралына айналуы тиіс.

Тараптар қазақстандық мұнайдың Әзербайжан арқылы экспортын кеңейтуге ерекше назар аударып отыр. 2025 жылы осы бағыт бойынша 1,2 млн тонна қазақстандық мұнай тасымалданды. Қазақстан Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры және Баку-Супса бағыты бойынша жеткізілімдерді арттыруға мүдделі, ал одан әрі өсу транзиттің экономикалық тартымдылығына да байланысты.

Дипломаттың сөзінше, тараптар тасымалдау құнын төмендету бойынша келіссөздерді жалғастырып жатыр. Әлім Байел 2026 жылы Әзербайжан арқылы жеткізілетін қазақстандық мұнай көлемі алдыңғы жылғы көрсеткіштен асып, 2027 жылы өсуін жалғастырады деп санайды.

Ынтымақтастық гуманитарлық салада да дамып келеді. Елшінің дерегінше, 2025 жылы Әзербайжанға 100 мыңнан астам қазақстандық турист барған. Сонымен қатар Бакуде алғаш рет қазақстандық университеттердің көрмесі өтіп, оған 20-дан астам жоғары оқу орны қатысты. Қазақстанда білім алып жатқан әзербайжандық студенттердің саны да біртіндеп артып келеді.

Бакуде Тәуелсіздік күні қарсаңында қазақстандық студенттермен кездесу өткенін жазған едік.