Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Бакуде Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан экономика және энергетика министрлерінің үшжақты кездесуі өтті, деп хабарлайды Kazinform.

Үшжақты кездесу
Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Қазақстан тарапынан кездесуге Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел қатысты. Басқосу барысында тараптар Әзербайжан аумағы арқылы Қазақстан мен Өзбекстаннан Еуропаға электр энергиясын экспорттау перспективаларын талқылады, сондай-ақ жасыл энергетика саласындағы жобаларды дамыту жөнінде пікір алмасты. Атап айтқанда, үш елдің жаңартылатын энергияны дамыту және экспорттау саласындағы мемлекеттік саясаты Әзербайжанға Орталық Азиядан Еуропаға электр энергиясын жеткізуде байланыстырушы көпір рөлін атқаруға мүмкіндік беретініне назар аударылды. 

Бүгінде Әзербайжан Грузия, Румыния және Венгриямен бірлесіп, Каспий – Қара теңіз – Еуропа экспорт дәлізін құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Оның аясында 4 ГВт электр энергиясын экспорттау жоспарлануда. Нахчыван – Түркия – Еуропа бағыты бойынша да 1 ГВт-тан астам жасыл энергияны жеткізу жоспарға енгізілген. Қазақстан мен Өзбекстанның осы дәліздерге қол жеткізуі электр энергиясы нарықтарын одан әрі дамытуға, жасыл сутегі мен аммиак өндіру және жеткізу саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және Орта дәліз аясында жасыл жобаларды дамытуға оң ықпал етеді. 

Үшжақты кездесу
Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Кездесуде Қазақстан мен Өзбекстанның энергетикалық жүйелерін Әзербайжанның энергетикалық жүйесімен біріктіргеннен кейін Каспий теңізінің түбімен жоғары вольтты желілерді тарту мүмкіндіктері туралы пікір алмасу болды. 

Келіссөздер нәтижесінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау және электр энергиясын экспорттау бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізіліп, тиісті бірлескен коммюникеге қол қойылды.

Айта кетейік, биыл Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінің түбімен аймақтағы интернет-трафикті әртараптандыруға мүмкіндік беретін талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыруды бастаған болатын. 

Соңғы жаңалықтар