Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан: «жасыл» келісімнің тиімді тұстары
Дүниежүзілік климаттық саммит аясында Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан президенттері үш елдің энергетикалық жүйесін интеграциялау жөніндегі стратегиялық келісімге қол қойғаны белгілі. Осыған орай Kazinform тілшісі Орталық Азия елдері үшін жаңа жобаның қандай артықшылығы болатынын болжап көрді.
Кейінгі жылдары Қазақстан көмірден өндірілетін энергиядан бас тартып, жасыл энергетика көздеріне басымдық беріп жатқанын білеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, келісім орнықты дамуға ұмтылу тарихындағы жаңа бағытты білдіреді. Бұдан басқа, бұл Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ өңірлерін дамытудағы үшжақты ынтымақтастықтың маңызды кезеңі саналмақ.
– Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қою – Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ өңірлерінің үшжақты ынтымақтастығын дамытудағы маңызды кезең. Құжат елдеріміздің энергетикалық жүйелерін интеграциялау, сондай-ақ Еуропа елдері мен басқа да нарықтарға экологиялық таза энергияны жеткізетін сенімді дәліздерді қалыптастыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұнда Қазақстан ірі транзит аумағы ретінде үлкен рөл атқарады. Аталған келісімнің нақты нәтижелері үш елдің экономикаларын біріктіріп, Орта дәлізді «жасыл көпір» ретінде дамытуға ықпал етеді. Бұл маңызды саладағы тығыз ынтымақтастық мемлекеттер арасындағы тәжірибе мен озық технологияларды алмасуға серпін береді, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздігімізді нығайтуға септігін тигізеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, көміртегі бейтараптығына жетуді көздейтін Қазақстан үшін жасыл энергетика маңызды бағыт саналады. Еліміз қазба байлықтарға тәуелділікті азайтуға белсенді түрде кірісті. Технологиялық инновацияларды дамытып, экологиялық орнықты өркендеуге демеу болатын инфрақұрылым құруға бет бұруда. Қазақстан шетелдік серіктестермен жалпы қуаты 43 ГВт болатын «жасыл» жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.
Қазақстан ЖЭ-ге қанша инвестиция салды
Кейінгі мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда белгіленген қуаты 2,9 мың МВт болатын 148 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 59 нысан – жел электр станциясы, 46 – күн электр станциясы, 39 – су электр станциясы, 3 – биогаз электр станциясы. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, жаңартылатын энергетика объектілері өндірген электр энергиясының көлемі 6,675 млрд кВт/сағ болған. Бұл – елдегі жалпы электр энергиясын өндірудің 5,92 пайызын құрайды.
Бұл секторда General Electric, Eni, Total, Hevel Solar, HydroChina тәрізді компаниялар табысты жұмыс істеуде. Өткен жылы жалпы белгіленген қуаты 495,57 МВт болатын 16 жаңа ЖЭК нысаны пайдалануға беріліпті.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы «жасыл» экономикаға бағытталған инвестициялар 201 млрд теңгеге жетті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3,8 есе көп. Ал жаңартылатын энергия көздері саласына инвестициялар 199,8 млрд теңгені құрады: парниктік газдар эмиссиясын азайту сегментіне – 1 млрд теңге, энергия үнемдеу технологиялары және энергия тиімділігін арттыру саласына – 186 млн теңге жұмсалған.
2024 жылдың қаңтар-маусымында ЖЭК нысандарының электр энергиясын өндіруі 3,9 млрд кВт/сағ жетті, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,3 пайызға артық.
2030 жылға қарай ЖЭК-тің 7 ГВт-тық жаңа қуатын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осылайша, елдің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайызға дейін ұлғайтуға серпіліс жасалмақ.
Жасыл дәліз
«Жасыл энергетикалық дәліз» жобасы – жаңартылатын энергияны Орталық Азиядан Еуропаға экспорттауға бағытталған бастама. Жобаға үш ел – Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан тартылды. Олардың күш-жігерін біріктіру үшін еуропалық нарыққа таза электр энергиясын беру бойынша тиімді инфрақұрылым жасалмақ.
Әзербайжандық сарапшы, Turan ақпарат агенттігінің директоры Мехман Әлиев бұл үдерістің іс жүзінде қалай болатынын айтып берді.
– Келісімге қол қойылғаннан кейін консалтингтік компанияларды тарта отырып, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Бұл кезең бір жылға жуық уақытты алады. Қажеттіліктерді, мүмкіндіктер мен тәуекелдерді талдауды қамтиды. Электр энергиясын беру үшін Орталық Азия мен Еуропаның энергетикалық жүйелерін қосатын су асты кабельдерін қосып, жоғары вольтты желілер желісі салынатын болады. Жоғары вольтты тұрақты тоқ (HVDC) технологиясы электр энергиясын алыс жерлерге тиімді жеткізу үшін пайдаланылмақ, – деді сарапшы.
Орталық Азиядан Еуропаға жасыл энергия беру жөніндегі жобаны іс жүзінде іске асыру бірлескен кәсіпорын құруды, инфрақұрылым салуды және энергетикалық жүйелерді интеграциялауды қоса алғанда, бірнеше кезең арқылы жүргізілмек. Үш мемлекет арасында жасалған жаңа келісім күш-жігерді үйлестіру және әрбір қатысушы ел арасында жауапкершілікті бөлу үшін негіз болады.
Сондай-ақ, Мехман Әлиев үш елдің энергетикалық жүйелері интеграцияланатынын, бұл жасыл энергия саудасын оңтайландыруға және Еуропаға сенімді жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жалпы, қатысушы елдер күн және жел энергиясын өндіру бойынша өз мүмкіндіктерін дамытатын болады. Мысалы, Өзбекстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 40 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Әзербайжандық сарапшының айтуынша, қажетті инфрақұрылымды салу техникалық-экономикалық негіздемені дайындау аяқталғаннан кейін шамамен 3-4 жылға созылады. Құрылысты қаржыландыру және инфрақұрылымды дамыту халықаралық қаржы институттарын тартуды көздейді. Бұл Азия даму банкі сияқты ұйымдардан несие мен инвестициялар алуды қамтуы мүмкін.
Орталық Азия мен Еуропаға қандай пайда тиеді?
Үш елдің орасан зор әлеуетін ескере отырып, Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан бірлескен күш-жігерімен құрлықты таза, сенімді және қолжетімді энергиямен қамтамасыз етпек. Осылайша, Еуропаның энергетикалық өткелінің локомотивіне айналуы мүмкін. Бүгінде үш ел де халықаралық инвестицияларды тартып, жасыл энергетиканы белсенді дамытып, күн және жел қуаттарын енгізуде.
Сарапшы Мехман Әлиевтің пікірінше, жобаға қатысу Орталық Азия елдеріне климаттың өзгеруімен күрес бойынша жаһандық күш-жігерге үлес қосуға мүмкіндік береді. Бұның бәрі Париж келісімінің мақсаттарына және басқа да халықаралық экологиялық міндеттемелерге сәйкес.
Сонымен қатар, бүгінде халықаралық қаржы институттары жаңартылатын энергия көздеріне байланысты жобаларға инвестиция салуға дайын. Бұл Орталық Азия елдері үшін өздерінің энергетикалық жүйелері мен инфрақұрылымын дамыту үшін капитал тарту бойынша мүмкіндіктер ашады.
– Еуропалық одақ қазба энергия көздеріне тәуелділікті азайтуға және өзінің энергетикалық теңгеріміндегі жаңартылатын көздердің үлесін ұлғайтуға белсенді түрде ұмтылады. Бұл Орталық Азия елдері ұсына алатын таза энергияға деген жоғары сұранысты тудырмақ, – деп түйіндеді сарапшы.
Report агенттігі бас редакторының орынбасары Илах Мамедлидің айтуынша, тек Каспий теңізінде жел энергиясын өндіру үшін үлкен әлеует бар, шамамен 157 ГВт болады. Бұл Әзербайжанда сұранысқа ие, бірақ оның қажеттілігінен әлдеқайда асып түсетін үлкен көлем.
Әзербайжанның жаңартылатын энергетикадағы экономикалық әлеуеті 27 ГВт, оның ішінде жел энергиясы – 3 мың МВт, күн энергиясы – 23 мың МВт құрайды. Үкімет өзінің энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесін 24 пайызға дейін, ал 2028 жылға қарай 30 пайызға жеткізуді көздеп отыр.
Өзбекстанның Экономикалық зерттеулер және реформалар орталығының жұртшылықпен байланыс секторының ғылыми қызметкері Эдвард Романов түсіндіргендей, еуропалық нарық «жасыл» энергетиканы қабылдаушы басым бағыт.
– Орталық Азия елдері үшін бұл шетелдік инвестициялар мен технологияларды тартуды, сондай-ақ «жасыл» энергетика саласында жұмыс орындарын құруды қоса алғанда, жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашады. Бұдан басқа, еуропалық нарықтармен интеграция Орталық Азия елдеріне энергетикалық жүйелердің тұрақтылығын арттыруға көмектеседі, – дейді сарапшы.
Ол аталған жобаны сапалы әрі жүйелі жүзеге асыру Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжанның үйлестірілген күш-жігерін талап ететінін атап өтті.
– Өзбекстан жаңартылатын энергия көздерін құру бойынша 28 жоба бойынша белсенді жұмыс істеуде, бұл 2030 жылға қарай энергетикалық теңгерімдегі «жасыл» энергияның үлесін 40 пайызға арттырады. Сондай-ақ елдер арасындағы рәсімдер мен өзара іс-қимылды оңалту үшін құқықтық және институционалдық тетіктер әзірлеу қажет болады. Жобаны табысты іске асыру қажетті инфрақұрылымдық объектілерді құруға байланысты. «Жасыл» энергетика саласында білім мен тәжірибе алмасуды жалғастыра беру маңызды, – деп түйіндеді Романов.
ҚР Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаменті директорының орынбасары Рүстем Қыдырбеков жобаны іске асыру алдында Келісімді ратификациялау рәсімінен өту қажеттігін түсіндірді.
– Келісім жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіруде негізгі рөлді арттыруға бағытталған. Экспорттау мақсатында Орталық Азия мен Әзербайжанның энергия жүйелерінің өзара байланысын қамтамасыз ету үшін жаңартылатын энергия көздерінің қазіргі әлеуетін тиімді пайдалануға мүдделіміз. Үш елдің жобасы Еуропа және басқа да өңірлер арасында экологиялық таза электр энергиясы саудасын дамытуға бағытталған, – деді спикер.
Оның айтуынша, барлық қатысушылар қолданыстағы ішкі инфрақұрылымды кеңейтуге және сауда ауқымын ұлғайтуға уағдаласып, экологиялық таза энергия көздерінен Еуропаға электр энергиясын беру үшін жаңа байланыс желілерін дамытуға келісті. Бұдан басқа, еуропалық елдер «Қара теңіз су асты электр тарату желісі» жобасына қосылуға байланысты техникалық және қаржылық мәселелерді зерделеу бойынша бірлескен жұмыстарға қызығушылық танытты.
Жобаның егжей-тегжейі алдын ала техникалық-экономикалық негіздемеде көрсетілетін болады. Сарапшылардың айтуынша, алдын ала техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу үшін «CESI» халықаралық консалтингтік компаниясын жұмысқа тартып жатыр.
Қазақстанның, Әзербайжанның және Өзбекстанның энергия жүйелері қазір жаңа сын-қатерлерге бейімделуге, орнықты дамуға бағытталған жаңғыру процесінде. Келісім аясында елдер инфрақұрылымды бірлесіп дамытуды күшейтуді жоспарлап отыр, бұл жасыл энергияның экспорты мен транзиті үшін сенімді арналар табуға мүмкіндік береді.
Осылайша, бұл келісім Еуропаның энергия көздерін әртараптандырып қана қоймай, қатысушы елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты жақсартады.
Биыл 1 мамырда Ташкентте өткен кездесуде Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжанның Энергетика министрлері ынтымақтастық орнатып, Еуропаға магистральдық энергетика дәлізін тарту туралы келісімге келген еді.