Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін нығайтты - саясаттанушы
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңажылдық үндеуі барысында Президент 2025 жылдың еліміз үшін үлкен белестердің жылы болғанын айтты.
Фархад Хасеновтың айтуынша, бұл бірінші кезекте тұрғын үй мәселесі мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты болып отыр, деп хабарлайды Kazinfrom меншікті тілшісі.
Сарапшының айтуынша, Мемлекет басшысының жаңажылдық үндеуі мерекелік дәстүр ғана емес, көп жылдан бері қалыптасқан саяси мәдениеттің маңызды элементі. Мұндай құжатта өткен жылдың қорытындысы жасалып, болашақ дамудың шешуші бағыттары айқындалады, қоғамның эмоциялық кескін-келбеті қалыптасады. Көптеген қазақстандықтар үшін бұл елде болып жатқан жағдайларды, мемлекеттің жылды қалай атқарғанының және алдыға қандай мақсат қойып отырғанының көрсеткіші.
— Президент өз үндеуінде 2025 жыл Қазақстан үшін ірі жетістіктерге толы болғанын атап өтті. Инфрақұрылым саласында ауқымды жобалар жүзеге асты. Теміржолдар мен автокөлік жолдарының салынуы - аумағы кең, өңірлер арасындағы байланыс ел бірлігінің өзегі саналатын мемлекет үшін стратегиялық маңызы зор қадам. Сонымен қатар әлеуметтік бастамаларға да ерекше мән берілді, 100 жаңа мектеп бой көтерді. Егер бұрын мұндай көрсеткіштер арнайы мемлекеттік бағдарламалардың («100 мектеп, 100 аурухана») аясында жүзеге асса, бүгінде бұл әлеуметтік инфрақұрылымды жыл сайын жүйелі түрде жаңартудың қалыпты тәжірибесіне айналды. Бұл демографиялық өсім мен жастар санының артуы жағдайында айрықша маңызды, — дейді Фархад Қасенов.
Сарапшы тұрғын үй мәселесін шешу мен азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағытындағы табыстарды да ерекше атап өтеді. Қазақстан екінші жыл қатарынан мол астық жинап отыр. Бұл — ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу мен ірі инвестициялардың нәтижесі.
— Дамыған аграрлық өндіріс — елдің тұрақтылығы мен орнықтылығының кепілі. Ол халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де қалыптастырады. Мемлекет басшысы атап өткендей, астық әлі де әлемдік деңгейде экономикалық саясат жүргізуге мүмкіндік беретін маңызды «валюта» болып қала береді. 2025 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 6 пайызды құрады. Бұл — жаһандық тұрақсыздық жағдайында айрықша көрсеткіш. Әлемдегі саяси және экономикалық құбылмалылық аясында Қазақстан өз тұрақтылығын сақтап отыр, — дейді Фархад Қасенов.
Президент 2026 жылды цифрландыру мен жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бұл шешім — жаһандық сын-қатерлерді терең түсінудің әрі елді технологиялық өзгерістердің алдыңғы шебінде ұстауға деген ұмтылыстың көрінісі.
— Алайда цифрландыру дамыған білім мен ақпараттық инфрақұрылымсыз мүмкін емес. Сондықтан әрбір қазақстандық үйді жоғары жылдамдықтағы интернетпен, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге және білікті кадр даярлауға басымдық беріп отыр. Білім, ғылым және денсаулық сақтау салаларын жүйелі қолдау да ерекше айтылды. Мұғалімдердің жоғары жалақысы, жастарға салынған инвестиция, ғылымды дамыту — елдің цифрлық болашағының берік іргетасы, — деп есептейді саясаттанушы.
Фархад Қасеновтің пікірінше, ішкі саясаттың еңбекқорлық, адалдық пен жасампаз еңбекке негізделген жаңа тұжырымдамасы да назар аударуға лайық.
— Жаңа жылдық үндеу іс жүзінде Қазақстан халқына арналған Жолдаудың негізгі тезистерін ықшам түрде қамтыды. Онда әлеуметтік-экономикалық басымдықтармен қатар, алдағы саяси өзгерістер мен реформалар, соның ішінде конституциялық жаңғыру да айқын көрініс тапты. Сонымен бірге Мемлекет басшысы жаһандық қатынастар қайта қалыптасып жатқан күрделі халықаралық ахуалға назар аударды. Қазақстан сыртқы және ішкі саясатта елеулі сын-қатерлерге тап болып отыр, алайда бұл кезең жаңа мүмкіндіктерге де жол ашады, — дейді сарапшы.
Осыған дейін астық экспорттаушылар жаңа өнімін ерте жөнелтсе, 2026 жылы субсидия алатыны туралы жаздық.