18:24, 03 Шілде 2013 | GMT +5
Қазақстан, Әзірбайжан және Түркия көлікті дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойды
БАКУ. 3 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Бакуде Қазақстан, Әзірбайжан және Түркияның Көлік министрліктері Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің көлік министрлерінің бірінші отырысы шеңберінде көлікті дамыту саласындағы өзара іс-қимыл туралы хаттамаға қол қойды.

Хаттамаға Қазақстан Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев, Әзірбайжан Көлік министрі Зия Мәмедов, Түркия Көлік, теңіз хабары және коммуникация министрі Бинали Йылдырым қол қойды.
Іс-шара шеңберінде, сондай-ақ, Баку, Ақтау және Самсун порттары арасында бауырластық байланыстарды дамытудағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Қол қою барысында Түркия көлік министрі айтқандай, аталған меморандум порттар арасындағы өзара әрекеттерді үйлестіруге және оларды жақындастыруға зор үлес қосады.
Әзірбайжан көлік министрінің айтуынша, су көлігін дамытуда порттардың алар орны бөлек, сондықтан олардың дамуы және ынтымақтастықта болуы өте маңызды.