Қазақстан Азиялық Парламенттік Ассамблеяның құрамына толық мүшелікке қабылданды

sp;АСТАНА. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат  - Кеше, желтоқсанның 8-і күні Азиялық Парламенттік Ассамблеяның (AПA) IV жалпы сессиясы Индонезия Республикасының Бандунг қаласында өз жұмысын бастады.
None
None

Аталған жиында Қазақстанға мүше мәртебесін беру жөніндегі Атқарушы комитет шешімінің жобасы қарастырылып, нәтижесінде Қазақстан бір ауыздан АПА құрамына толық мүшелікке қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Біздің елімізбен қатар мүшелікке Үндістан мемлекеті де қабылданды.

Аталмыш басқосуға Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжеғали Сағадиев бастаған делегация қатысуда.

Сессияның ашылу рәсімі сонау 1955 жылы адамзат тарихында тұнғыш рет Азия мен Африка құрлығы өкілдерінің басын қосқан тарихи маңызы зор Азия-Африка Конференциясы өткен мәжіліс залында болды. Оған 39 мүше-парламенттер делегациялары мен 8 бақылаушы парламенттер өкілдері қатысты. Осы уақытқа дейін Қазақстан оның ішінде байқаушы мәртебесінде қатысып келді.

Ашылу салтанатында Индонезияның Президенті доктор Сусило Бамбанг Юдхойоно, Индонезия Парламенті Өкілдер Палатасының Спикері Марзуки Али, АПА-ның алғашқы төрағасы Хаддад Адел құттықтау сөз сөйледі.

Түске дейін бірінші жалпы отырыс өз жұмысын бастады. Отырыс барысында ұйымның  Бас хатшысы Нежад Хассейниан АПА аясында  2009 жылы атқарған қызметі жөнінде есеп берді. Сонымен қатар Атқарушы комитет ұсынған АПА қызметін жетілдере түсу, оңтайландыру жөніндегі резолюция қабылданды.

Делегация басшысы, депутат К. Сағадиев сөз алып, АПА басшылығына, мүше-мемлекеттер өкілдеріне бір ауыздан шешімге келіп, Қазақстанды мүшелікке қабылдағандары үшін Қазақстан Парламентінің атынан ризашылығын білдірді. Сонымен бірге депутат К.Сағадиев сөзінде әлемде 9-шы орындағы аумағының басым бөлігі Азия аймағына тиесілі екендігіне орай, еліміз осы өңірдегі бейбітшілік, қауіпсіздік пен өркендеуге бағытталған шараларды қолдайтындығын жеткізді.

«1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі дер кезінде уақыт талабына сай құрылғандығын, бүгінгі таңда өміршеңдігін көрсетуде. 2010 жылы ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымыз еліміздің Еуропадағы ынтымақтастық ісін ілгірілетудегі үлесі мен жоғары сенімді білдіретіндігі айтылды. Осылайша, Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақстан Еуропа мен Азиядағы өзара сенім және достық ісін дамытуға айтулы үлес қосып жатыр.

АПА Азия өңіріндегі демократия, қауіпсіздік, өзара сенім мен ынтымақтастықты ілгерілетудегі мүмкіндігі зор беделді халықаралық парламенттік бірлестікке айналуда», деп аяқтады сөзін делегация басшысы.

Соңғы жаңалықтар