«Қазақстан балалары» деген ұлттық жоспар қабылданады — депутат
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Jibek Joly телеарнасына бала құқығы, мектептегі буллинг, балалар арасындағы суицид, инклюзивті қоғамды дамыту сынды тақырыптарды қамтыған сұқбат берді.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында «Қазақстан балалары» атты бірыңғай бағдарлама қабылдаудың қажеттігін атап өтті. Оған не түрткі болды? Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері өз деңгейіңде жұмыстарын атқара алмай отыр ма?
— Менің ойымша, бұл мәселеге сәл кеңірек қарау керек. Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылды «балалар жылы» деп бекітті. Жалпы, мемлекет басшысы өткен өмірі, саяси қызметтері барысында дамыған мемлекеттердің дүйім көпшілігін көрді. Дамыған мемлекеттерде кез келген стратегия бірінші баладан басталады. Мысалы, Еуропаның дамыған мемлекеттерінде Білім және ғылым, Ағарту министрліктері өз бағдарламаларында бірінші «Менің позициям — Англияның балаларын бақытты ету» дейді. Ал балалардың бақытты болуы неден басталады? Біріншіден, балаларды қорғайтын, оларға мүмкіндік беретін, оларға әр түрлі инфрақұрылым жасайтын, олардың денсаулығын реттейтін, білімін шындайтын бағдарламаларды енгізу және оны сапалы іске асыру. Сондықтан Мемлекет басшысы балаларға қатысты осы бағытта жүйелі саясат жүргізіп келе жатыр. 2022 жылды «Балалар жылы» деп белгіледі. Одан кейін балалардың құқығын қорғайтын, менің әріптесім Динара Закиевамен бірге біз буллингті реттейтін заң жобасының авторы болдық. Есіңізде ғой, бір шу болып еді. Әлеуметтік желіде талқылап, біршама нормаларды қабылдадық. Біріншіден, бір балаға екінші балаға шектен шыққан буллинг жасап, қол жұмсайтын болса, бала ғана жауапкершілікті көтермейді. Ата-ана да жауапкершілікті көтереді. Білім ордасына да тікелей жауапкершілікті артамыз. Мәселе сонда. Есіңізде ме? Осы 2022-23 жылдары мектептерде балаларға көптеген психологиялық тесттер келе бастады ғой. Бәрімізге түсініксіз. Жынысын ауыстыруға байланысты және басқа да қисынсыз бір сұрақтар. Солардың барлығы балалармен жұмыс істейтін мемлекеттегі саясаттың біріздендірілмегендігінің салдарынан болды. Сол заң жобасының аясында біз оны да реттедік. Ол жұмыс та біріздендірілді. Amanat партиясы балалардың құқығын қорғайтын 111 деген call-орталық жасады. Мемлекет басшысына бұл бағытта тың бастама ұсынған жалғыз партия болды деп айта аламын. Президент қазір ол call-орталықты мемлекеттік деңгейде, Үкіметтің деңгейіне көтерді. Штат көбейді, call-орталық қазір өте тиімді жұмыс істеп жатыр. Ата-ана да, бала да хабарласуға болады.
— Ия, біздің арна бұл туралы материал жасады. Оған қазір тек балалардың құқығы емес, елдегі кез келген мәселе бойынша хабарласуға болатынын білеміз.
— Бірақ біз қазір ол мәселені реттеп жатырмыз. Қазір тек балалар құқығына байланысты жазба қалдыруға болады. Егер бала хабарласып, мәселесін айтса, онда ол баланы іздейді. Мамандар хабарласады. «Қандай жағдай болды екен, мүмкін біреу оны мәжбүрлеп телефонын алып қойды ма» деген сияқты. Көрдіңіз бе? Осындай мәселелер — Мемлекет басшысының балаларға деген қамқорлығының аясында жасалып жатқан стратегиялық шешімдер. Бұған осындай баға беру керек. Бұл бағдарламаларды топтастырып, жасалып жатқан дүниелердің барлығын бір ұлттық жоспарға енгізу. Яғни, сіз де біз де балаларға жасалып жатқан бағдарламаларды бір жерден көре аламыз. Қазақстанда қандай мүмкіндіктер жасалып жатқаның бір платформадан анықтаймыз. Неге дейсіз ғой? Өйткені Қазақстан — жас мемлекет. Бұл кеше құрылған мемлекет ретінде емес, ұлтының жас ерекшелігіне байланысты. Мысалы, Қазақстанда 7 миллионға жуық бала бар. Халқымыздың үштен бірі — балалар. Ал елімізде 35 жасқа дейінгі жастардың саны 6 миллионнан асып жығылады. Сонда еліміздің 60%-і — жастар. Оның жартысы — бала, жартысы — жастар. Көрдіңіз бе? Сол себепті Мемлекет басшысы стратегиялық қадамдар жасап отыр. Бүгін осы 7 миллион балаға біз нақты көмек көрсетіп, олардың бағыт-бағдарын анықтап, олардың арасындағы суицид, буллинг, білім ала алмау, сауат аша алмау сияқты проблемаларды шешетін болсақ, қазақтың жақсы бір тәмсілі бар ғой «Елу жылда ел жаңа» деген, сонда біз алдағы 50 жылдыққа мына балаларды дайындаймыз.
— Сіздің комитеттің тарапынан міндетті түрде ұсыныстар түсетін шығар? Бірінші кезекте қандай ұсыныс болуы мүмкін?
— Бағыт-бағдарға бөліп көрейік. Мысалы, балалардың арасында не жасалады? Бірінші балалардың біліміне, денсаулығына, олардың әлеуметтік қорғалуына, спортпен қамтамасыз етілуіне, олардың мәдени саладағы іс-шараларына, ең бастысы құқықтық көмек көрсетуге және осынын бәрін іске асыруға заң жобаларын өзгертуіміз керек болған. Енді қандай проблемалар бар? 7 миллион бала білім алып жатыр. Мемлекет басшысы оларға байланысты нақты бағытты кешегі құрылтайда анықтады. «Бұдан былай „Біртұтас тәрбие“ „Адал азамат“ деп аталсын» деді. Яғни, Мемлекет басшысы алдыңғы құрылтайда көтерген «Адал азамат» концепциясы, оның стратегиялық бағыты енді балаларға қарай бұрылады. Қазақстанның әрбір баласының анау тұрған Эверест шыңына («Адал азамат» концепциясы) жасаған әрбір қадамын реттеуіміз керек. Бұл бірінші бағыт. Ол бойынша әрине, заңнамаға өзгерістер енгізіледі. Бірінші кезекте әкімшілікте балалардың құқығын қорғайтын арнайы басқарма ашылады. Қазір балалар құқығын қорғау деген Әкімдікте Білім басқармасының аясындағы бір бөлім ғана. Ал бірақ қазір балаларға жасалып жатқан бізде көмектер көп. Сонымен қатар балалардың арасындағы проблемалар да жетерлік. Басқарма ашылады. Екіншіден, елімізде ерекше балалардың саны да аз емес. 700 мың ерекше жан болса, соның 110 мыңға жуығы ерекше балалар. Оларға ба бір белгіленген деңгейде көмек көрсету керек. Заң аясында осыдан екі жарым жыл бұрын олардың мүгедектік алу категориясын үлкендердікі сияқты «бірінші, екінші, үшінші топ» деп белгіледік. Бұл бірінші жеңіс болды. Ертең олар мүгедектігінен айығып кете алмаған жағдайда дәл сол өзінің тобы бойынша үлкендердің қатарына қосылады да, сол жердегі алатын тиесілі әлеуметтік жәрдемақыларын ала береді. Бұл тағы бір бағыты. Одан кейін тағы бір бағыты — жаңағы әлеуметтік қорғау. Қазақстанда шамамен 600 мыңға жуық отбасында тәрбиеленіп жатқан әлеуметтік осал топтағы балалар бар. Бұл едәуір цифра. Осы жұмыстардың барлығына координация жасайтын, олардың барлығын үйлестіретін, сол проблемаларды шешетін мысалы, министрліктер бар ғой, солардың жұмысың үйлестіретін басқарма құрылады. Мемлекеттік қызметте протоколды шешім, хаттама дейміз, Мемлекет басшысының жарлығы, министрлердің қабылдайтын шешімдері, үкіметтің шешімі дейміз. Осы сияқты балаларға байланысты проблемалардың барлығын реттейтін, солардың барлығын бір жерге жинайтын «Қазақстан балалары» деген арнайы бағдарлама қабылданады. Мүмкін бағдарлама болады. Мүмкін ұлттық жоспар болады. Мүмкін түрлі қадамдардың алгоритмі болады. Мемлекет басшысына ұсынамыз. Бірақ міндетті түрде уақыты, шешімі, жауапты азамат белгіленеді. Осылайша біз барлық балаға жасалып жатқан түрлі мәселелерді осы бағдарламаның аясында топтастырамыз. Бұл мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіретін және олардың балаларға байланысты бағыт-бағдарын анықтайтын бағдарлама болады.
Тағы бір өзекті мәселе. Балалардың суретін ұстап алып, әртүрлі азаматтар қорларға қаржы жинап жүреді. Қайсысы жөн, қайсысы жөнсіз, қайсысының артында алаяқтар тұр екенін сіз бен біз анықтай алмаймыз.
— Ол саған психологиялық түрде әсер етеді. Сенің жаның ашығаннан кейін тиын-тебеніңді бересің.
— Сол мәселені реттейміз. Қазір оның әртүрлі механизмдерің қарастырамыз. Мүмкін оған шектеу қоямыз. Мүмкін тек ресми қайырымдылық қорларының реестрін жасаймыз. Тек сол қорлардың атынан жұмыс істеуді шегендейміз. Олардың атын жамылып, қорларды пайдаланбас үшін, мүмкін, тікелей QR-код және солардың есепшоттарына ғана ақша аудару мүмкіндігін енгіземіз.
— Нақты қандай шара жүзеге асуы мүмкін?
— Бұдан бөлек қазір барлық банк осындай қорларды ашуға мүмкіндік бере береді. Солардың барлығын шектейміз. Яғни, реестр болу керек, шоттары болу керек, есептері болу керек. Осы мәселені пысықтаймыз. Бұл әзірге — идея. Бұл менің ойым, әріптестерімнің ойы. Қоғамдағы азаматтардың да ойын тыңдаймыз. Бұл бір. Екіншіден, тағы бір мәселе — балаларды қараусыз қалдырмау мәселесін заңда шегелеп тастағымыз келеді. Осы мәселені де шегендейміз. Тастауға болмайды. Бала 16 жасқа толмайынша оны тастауға, жіберуге болмайды. Осы мәселені реттеймыз. Тағы бір мәселе бар. Балалардың атына жазылған үйі дейміз ғой. Әртүрлі жағдайлар болып жатады. Әкесі мен анасы қайтыс болады. Сонда баланы жақындары қарауына алады. Бірақ олар жымысқы әрекетпен алады. Яғни, баланың атындағы үйін алғысы келеді, алдап-арбап түсіреді. Дұрыс қарамайды деген сияқты. Осындай мәселелерде балаларға тікелей тиесілі, мұрагерлікпен қалған үйлерді, дүниелерді 100% заңмен қорғау мәселесін қарастырып жатырмыз. Заң аясында балалар арасындағы суицид мәселесіне байланысты нормаларды қарастыратын шығармыз. Ол бойынша кешенді іс-шаралар тізімін жасаймыз. Қазақстанда балаларға арналған спорттық инфрақұрылым ауылдық жерлерде 50%-ке жетпейді. Мысалы, Қазақтанда 6 мың ауыл болса, соның 3 мыңыңда инфрақұрылым жоқ деген сөз. Осыны да заңмен шегендейміз. «Ауыл — ел бесігі» сияқты бағдарламаларда, заңда бекітіп, міндеттейміз. Яғни, бизнестің көмегімен не болмаса бюджеттің есебінен қаржы салу деген сияқты. Тағы да бір үлкен мәселе — балаларды қосымша біліммен қамту. Қазір байқасаңыз, мектептен бөлек қосымша білім алмайтын балалар көбіне бағдарламаларды уақытында түсінбей жатады. Ал қосымша білімнің көпшілігіне қаржы төлену керек. Әлеуметтік осал топтардағы балалардың 70%-і қосымша біліммен қамтылмаған. Ертең олар бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Олардың жағдайын жасағанымызбен білімін шыңдамаса, бәрібір қоғамда әлсіз топқа айналады. Одан кейін олардың балалары да дәл сондай әлжуаз болмаса да қорғалмаған топ болып шыға келеді. Сол үшін сондай отбасылардың балаларын қосымша біліммен қамту мәселесін қарастырамыз.
— Көп рақмет, Елнұр мырза.