«Қазақстан балалары спортты таңдайды» атты мерекелік шараға батысқазақстандық балалар да белсене қатысты
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
П.Атоян атындағы стадионға қаладағы 45 мектеп оқушылары мен өзге де балалар мекемелерінің өкілдері жиналды. Марафон жарысынан жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлініп, сынға түскен арасынан озып шыққандар мақтау қағаздары мен арнайы сыйлықтармен марапатталды. Бұдан кейін су спорты шеберлері де ескек есуден өз өнерлерін көрсетті. Спорттық шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Мерекелік іс-шара барысында Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы «Балалықтың бал шағы» атты мерекелік шеру ұйымдастырды. Мұнда балалар әдеби кітаптар көрмесімен бірге шағын концертті де тамашалады. Кітапхана қызметкерлерінің «Компьютер немесе кітап» атты танымдық бағдарламасы да әсерлі болды. Бұдан соң балалар асфальтқа суреттер салып, өзара сайысқа түсті.
Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған шаралар облыс көлемінде кеңінен ұйымдастырылды.