17:03, 03 Маусым 2010 | GMT +5
Қазақстан банктерінің сыртқы қарызы 25 миллиард долларға жуық - ҚР Ұлттық банк төрағасы
АЛМАТЫ. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан банктерінің сырты қарызы биыл 16-17 миллиард доллар болады деп болжануда. Оны Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко бүгін Алматыда өтіп жатқан ІV Қазақстандық инвестициялық саммитте айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаржы дағдарысының шарықтау кезеңінде банктердің сыртқы берешегі 46 миллиард долларды құрады. Бұл жалпы ішкі өнімнің 50 пайызы. Қазір банктердің сыртқы қарызы 25 миллиард долларға жуықтады. Ол биыл 16-17 миллиардқа дейін азайып, ЖІӨ 15 пайызын құрамақ. Бұл үлкен жетістік», дейді Григорий Марченко. Оның айтуынша, Ұлттық банктің биыл экономикалық өсімге болжамы 3 пайыз болған еді. Онда мұнай бағасының баррелі 60 доллар деп есептелген. Қазір мұнай бағасы өскендіктен, ол 4 пайызға жуықтауы мүмкін. Биыл инфляция көлемі 6-8 пайыз деп болжанып отыр. Ал маусымнан маусымға дейінгі 12 айлық инфляция ағымдағы жылы 7 пайыз деңгейінде болды.