13:25, 08 Мамыр 2009 | GMT +5
Қазақстан басқа елдерге қарағанда дағдарысты дұрыс еңсеріп келеді - Елбасы
АСТАНА. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан басқа елдерге қарағанда әлемдік қаржы дағдарысын дұрыс еңсеріп келеді. Бүгін Астана әкімдігінде елорданың бір топ тұрғындарына пәтер кілтін табыс ету салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Менің ойымша, біз дағдарысты басқаларға қарағанда дұрыс еңсеріп отырмыз, онымен дұрыс күресіп жатырмыз», - деді Н. Назарбаев.
Президент кейбір мемлекеттер айлық жалақының, тіпті зейнетақының шығындарын қысқартып жатқанда, Қазақстан керісінше әлеуметтік шығындарды көбейткенін атап өтті. «Біз қаңтардың 1-нен бастап зейнетақыны, айлық жалақыны 25 пайызға ұлғайттық. Барлықтарыңыз оны сезініп жатырсыздар. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап айлық жалақы тағы да өседі. Бір жағынан біз халқымыздың сатып алу қабілетін арттырудамыз, екінші жағынан адамдардың өмірін жақсартудамыз», - деді Елбасы. «Мемлекет дағдарысқа қарсы нақты бағдарламаны әзірледі. Елімізге сырттан келген дағдарыс бізді ішкі мәселелермен шұғылдануға мәжбүрледі. Осындай жағдайда мемлекеттің жинаған резерві бізге түйткілді мәселелерді шешуге көмектесуде. Мемлекет дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыруға 1 трлн. 200 млрд теңге бөлді. Ішкі жалпы өнімнің көлеміне, жан басына шағып айтар болсақ, посткеңестік кеңістіктегі бірде-бір ел осыншама қаржы бөле алмай отыр», - деген Елбасы бөлінген қаржылар бүгінде игеріле бастағанын жеткізді. Мемлекет басшысы тұрғын үй секторындағы проблемаларды шешуге бағытталған қаражат бүгінде өз жемісін беріп, еліміздегі үлескерлер пәтерлерін алып жатқанын, биыл жыл соңына дейін үлескерлердің негізгі бөлігі баспаналарына ие болатынын, биылдың өзінде Астана мен Алматыда 180 жаңа нысан іске қосылатынын, мыңдаған адамдар қоныс тойын тойлайтынын атап өтті. Сондай-ақ дағдарысқа қарсы бағдарлама шеңберінде экономиканың нақты секторларына бағытталған мемлекет қаржылары игеріліп жатқанын айтты. «Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасын мұқият қадағалап отырмын, жұмыс жүріп жатыр», - деді Президент.