Қазақстан бекітіліп қойған бюджеттің шығыс бөлігін қысқартады - Н.Назарбаев
Қазақстан Президенті жаһандық экономика үшін күшейіп келе жатқан қатерлердің бар екеніне тоқталды. - Бүгінде барлық елдерге қиын. Әлемдік нарықта көмірсутек, металл және басқа экспорттық өнімдердің бағасы құлдырауда. Бізге де қиын болады. Осыны қаперге алған жөн. Сондықтан бекітіліп қойған бюджеттің шығыс бөлігін бізге де қысқартуға тура келеді. Бірақ ол әлеуметтік шығыстарға әсер етпейді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасына сәйкес Үкіметке халық алдындағы барлық міндеттемелерді қамтамасыз етуі тиістігін еске салды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметінен. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Үкімет пен Ұлттық банктің алдына маңызды маңызды екі міндет қойды, ол: экономиканы долларсыздандыру және инфляциялық таргеттеуге көшу. Бұлар «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының құрамдауышына айналуы тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты жаһандық сын-қатерлерге лайықты жауап болғанын атап өтті. - Біріншіден, әлемдік алмағайып жағдайда инфрақұрылымдық дамуға ден қою - қазіргі әлемдегі табысты елдерге тән ортақ тренд. Екіншіден, сапалы жолдар мен коммуникациялар салу арқылы біз өңірлік және жаһандық экономикалық байланыстарға тереңірек бойлаймыз. Үшіншіден, инфрақұрылым құрылысының ірі жобалары шетелдік инвестициялардың тұрақтылығын сақтайды. Олар ұзақмерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етеді. Төртіншіден, бұл - лайықты еңбекпен қамтудың, еңбек өнімділігі мен халықтың әл-ауқатын арттырудың берік кепілі. Бесіншіден, «Нұрлы Жол» - барлық өңірлер үшін жаңа мүмкіндіктер, - деді Мемлекет басшысы.