Қазақстан бейбіт ядролық реакторды қалай пайдаланып жатыр – фоторепортаж

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Ядролық физика институты 1957 жылы Алматы қаласында құрылған. Бұл – бейбіт мақсатта атом энергиясын пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың толық циклін орындайтын Қазақстандағы жалғыз ғылыми-зерттеу ұйымы. Кazinform тілшілері институтта атомды реактор қалай пайдаланатынын көріп қайтты.

бейбіт атом
Фото: Александр Павский/Kazinform
атом реакторы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Институт 11 негізгі эксперименттік қондырғыға ие. 23 ғылыми-зерттеу зертханасы, заманауи аналитикалық және сынақ жабдықтары бар 3 ғылыми-техникалық орталықтан тұрады. Стратегиялық нысан Алматыдан 20 шақырым жерде Алатау ауылында орналасқан. Оған кіру де оңай емес. Арнайы рұқсат қажет. Аумаққа әскери күзет қойылған.

ядролық физика
Фото: Александр Павский/Kazinform
ядролық физика
Фото: Александр Павский/Kazinform

Кіре берістегі бірнеше тексерістен өткенен кейін Кazinform тілшілері мамандармен бірге ядролық реактор орналасқан ғимаратқа беттеді.

реактор атом
Фото: Александр Павский/Kazinform

Ядролық реактор дегеніміз не?

«Су-сулы реактор Қазақстан» деген атауы бар реактор осы. Бір қарағанда бөлменің ортасында орналасқан жәй ғана үлкен құрылғы. Алайда, онда адамзатқа қажетті әрі маңызды процестер жүргізіледі.

атом реактор
Фото: Александр Павский/Kazinform

Реактордың базасында негізгі ядролық-физикалық және материалтану зерттеулері мен ішкіреакторлық сынақтардан басқа, медициналық радиоизотоптар, өнеркәсіпке арналған гамма-көздер өндіріліп, нейтронды-активациялық талдау жасалады.

ядролық реактор
Фото: Александр Павский/Kazinform
ядролық реактор
Фото: Александр Павский/Kazinform

Мамандардың айтуынша, Ядролық физика институты бейбіт атомды пайдалану саласындағы технологияларды белсенді енгізіп, қолданады. Зерттеу реакторы – Су-сулы реактор Қазақстан және Cyclone-30 циклотрондарында өнеркәсіптік және медициналық мақсаттағы радиоактивті изотоптарды өндірудің толық циклі. Бұл – онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеуге арналған.

атом реакторы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Реактордан шыққан өнімдер «ыстық камера» арқылы арнайы құрылғымен түсіріліп, сәулелендіріледі. Жұмыстың бәрі маман көмегімен манипулятормен атқарылады.

атом реакторы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Төрт камераның өз қызметі бар: бірі реакторға жеткізсе, енді бірі кеседі, ендігісі дәнекерлейді. Сондай-ақ изотоптар өндіреді.

атом реакторы
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Изотоптар өнеркәсіптік және медициналық деп бөлінеді. Медицинаға арналғанының үш түрі бар. Бірі фармациялық өнімдерді зарарсыздандыруға бағытталса, ал екеуі қатерлі ісікті ерте анықтау және емдеу мақсатында қолданылады. Одан бөлек реактор бағалы тастарды бояу кезінде қолданылады. Түссіз топаз атом реакторына түскеннен кейін нейтронды сәулелендіру арқылы көк түске боялады», - дейді инженер Нұрлан Сүгіржанов.

Институт тұрақты түрде елдегі барлық радиофармпрепараттардың 75%-ын өндіріп оны медициналық мекемелерге жолдайды.

атом реакторы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Осы жылдан бастап институт Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің келісімі аясында көрші Қырғызстан елін молибден-99/технеций-99 генераторымен қамтамасыз етуді қолға алды. Олар қатерлі ісік ауруларын диагностикалау және емдеу үшін қолданылады. Бұдан бөлек, радиоактивті изотоп кобальт-57-ні Ресейге, Германияға, АҚШ-қа және Францияға экспорттайды. Алдағы уақытта Түркияға жеткізу жоспарда.

атом реакторы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Сондай-ақ, биыл ел тарихында алғаш рет Энергетика министрлігі Ядролық физика институты шығарған «Фтордезоксиглюкоза-18F» радиофармпрепаратын Шымкент қаласындағы Ядролық медицина орталығына авиация арқылы тасымалдады. Бұған дейін радиофармпрепараттар Қазақстан бойынша тек автокөлікпен жеткізілетін.

атом реакторы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Реакторды пайдалану және жұмыс жасау жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Жақсылық Тезекбаевтың айтуынша, атом реакторы 1967 жылы іске қосылған. Реактор 21 күн үздіксіз жұмыс істейді. Ғылыми-зерттеу реакторы болғандықтан электр энергиясын өндірмейді.

атом реакторы
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Жұмыс басқару пульті арқылы тәулік бойы бақыланады. Мамандар төрт ауысыммен жұмыс істейді. Реактор үздіксіз бақылауда. Радиациялық қауіпсіздік пен зиянды қалдықтар назардан тыс қалмайды. Радиацияның рұқсат етілген шегі белгіленеді, жұмыс тек гигиеналық нормативтерге сәйкес жүргізіледі. Реакторда радиация мөлшері тиісті деңгейден артқан кезде дабыл автоматты түрде іске қосылады. Радиациялық қауіпсіздік қызметі қалдықтардың және радиоактивті ластанудың болмауын қамтамасыз етеді. Осында жұмыс істеп жатқаныма 17 жыл болды. Құдай сақтасын, осы уақыт ішінде ешқандай апатты жағдай болған жоқ», - дейді ол.

ядролық реактор
Фото: Александр Павский/Kazinform

Радиоактивті қалдықтар қалай жойылады?

Ядролық физика институты бас инженерінің орынбасары Асхат Бекбаевтың сөзінше, радиоактивті материалдармен жанасқан қалдықтар арнайы ыдысқа салынып, көміледі.

«2022 жылы пайдалануға берілген қойма өнеркәсіптік және медициналық мақсаттағы ампулалық иондаушы сәулелену көздерін олардың қызмет ету мерзімі аяқталғаннан кейін қауіпсіз орналастыруды қамтамасыз етуге бағытталған. Оның жобалық қызмет ету мерзімі 50 жыл. Айта кетейін, қолданылған заттарға арналған қойма Қазақстан және АҚШ Энергетика министрлігі мен Канада Сыртқы істер министрлігі арасындағы келісім аясында құрылды», - дейді ол.

Ядролық физика институты атом саласы үшін кадрларды даярлау бойынша үлкен тәжірибеге ие. Оның базасында АЭС мамандарын оқытуға қажетті барлық инфрақұрылым бар, атап айтқанда, зерттеу стационарлық реакторы, критикалық стенд, әртүрлі типтегі үдеткіштер.

Институт базасында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) қолдауымен үш оқу орталығы жұмыс істейді:

  1. Радиациялық қауіпсіздік оқу орталығы (2000 жылдан бастап);
  2. Бүлдірмейтін бақылау әдісі бойынша оқу орталығы (2003 жылдан бастап);
  3. Ядролық қауіпсіздік оқу орталығы (2017 жылдан бастап).
атом реакторы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Жалпы, ядролық физика институтында 700-ге жуық адам жұмыс істейді. Оның 70-ке жуығы - доктор мен ғылым кандидаттары. Бұдан бөлек, атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің 9 сарапшысы қызмет етеді.

атом
Фото: Александр Павский/Kazinform

Ядролық физика институты бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Евгений Ермаковтың пікірінше, атом энергетикасы ел экономикасының дамуына оң әсер етеді. Сондықтан АЭС салу керек деп есептейді.

ядролық физика
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Қазірдің өзінде ел аумағында электр энергиясына сұраныс артып, жетіспеушілік байқала бастады. Мәселен, бүгінде Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы 1 ГВт-тан асып кетті. Бұл туралы осы сала мамандары дабыл қағып жатыр. Әрине, тұрғындардың өз радиофобиясы бар. Бұл ең алдымен атом электр станцияларын салудан және ядролық жарылыстардан қорқуы саланы жетік білмеуімен байланысты. Сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигоны да әсер етіп жатыр. Мұнда мынаған мән берген жөн. Ол кезде атомды әскери мақсатта сынақтан өткізді. Ал, мына АЭС бейбіт мақсатта салынады», - дейді ол.

Айтуынша, егер АЭС салынатын болса, ол әлемде ең қауіпсіз станциялардың бірі болмақ.

«Қазір әлемде 400 атом электр реакторлы станциясы бар. Оның жартысы су реактор стансасы. Осы уақытқа дейін ешқайсысында төтенше жағдай болған жоқ», - дейді маман.

Евгений Ермаков АЭС саласына қатысты білікті кадрларды даярлау мәселесіне де тоқталып өтті.

«Көпшілік атом электр станциясы салынған жағдайда кадр тапшылығына ұрынамыз деп ойлайды. Негізі олай емес. Ядролық физика институты радиациямен жұмыс істеуді біледі. Бізде су суды зерттеу реакторы бар. Бұл – болашақта Қазақстанда салуды жоспарлап отырған атом электр станциясының прототипі. МАГАТЭ үшін зерттеу реакторы мен атом электр станциясына қоятын талаптар бірдей. Демек, біздің мамандар аталған АЭС-те жұмыс істей алады. Әрине, ол жерге жоғары білімді мамандар қажет. Алдын ала жасалған болжамдарға сүйенер болсақ, 400-ден астам маман қажет. Бізде осы саланы теориялық тұрғыда білім беретін оқу орындары жетеді. Бірақ, практика керек. Қазір қазақстандық төрт ЖОО мемарандумға қол қойдық, яғни мамандарды өзімізде дайындауға мүмкіндік бар», - деп аттап өтті ол.

Сөз соңында спикер АЭС салынатын болса, мұнай мен газға деген тәуелділікті азаяды. Оған қоса жарықты тасымалдаудан құтқарып, тапшылықтың алдын алады. Сонымен қатар, еліміз бойынша қуат көзімен қамту деңгейін арттырады.

Осыған дейін Мемлекет басшысы АЭС жөніндегі референдум күзде өтетіні туралы айтқан болатын

Қарағанды қаласында Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу жөніндегі жоспарларды жария талқылау өтті.

Сондай-ақ мәселе Ақтөбеде де талқыланды

Соңғы жаңалықтар