Қазақстан бидайы алғаш рет Әзербайжан арқылы Арменияға жіберілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық бидайдың алғашқы «пилоттық» партиясы Әзербайжан арқылы Арменияға жөнелтілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Бұл қадам 21 қазанда Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесі болды.
Транзиттік жүктерге қойылған шектеулердің ресми түрде алынып тасталуы Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Грузия және Арменияны байланыстыратын жаңа теміржол бағытының ашылуына жол ашты.
Бүгін қазақстандық бидай тиелген пойыз Әзербайжан шекарасынан өтті. Алдағы күндері жүк Армениядағы Даларик станциясына жеткізіледі. Қазақстаннан барлығы 15 вагон, жалпы салмағы 1000 тонна азық-түлік бидайы жөнелтілген. Бұл жеткізілім — жаңа логистикалық бағытты сынақтан өткізуге арналған пилоттық партия.

Бакуге жұмыс сапары аясында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ басшылығы Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі өкілдерімен кездесу өткізді. Тараптар транзиттік жүкті үйлестіру мен оны армян серіктестеріне уақтылы жеткізуді бірлесе қамтамасыз етіп отыр.
— Соңғы айларда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы астық жеткізу саласындағы ынтымақтастықта тұрақты оң серпін байқалады. Биыл Қазақстан Әзербайжан нарығына негізгі бидай жеткізушіге айналды соңғы деректер бойынша, біздің үлесіміз шамамен 80 пайыз. Президент Ильхам Әлиевтің Астанаға мемлекеттік сапары барысында мемлекеттер басшылары бұл жетістіктерді атап өтіп, өзара ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ниетті екендерін білдірді, — деді Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Джувашев жаңа транзиттік бағыттың ашылуы қазақстандық астық экспортының географиясын кеңейтіп қана қоймай, өңір елдері арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
— Бұл қадам сондай-ақ Оңтүстік Кавказдағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және бейбіт бастамаларды ілгерілетуге ықпал етеді, — деді ол.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» — Қазақстанның ұлттық астық нарығының операторы. Компания елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, ішкі нарықты тұрақтандыру, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау және мемлекеттік аграрлық саясатты іске асырумен айналысады.
Бұған дейін Қазақстан Әзербайжанға агроөнеркәсіп өнімдерінің кең түрін қамтитын экспорттық қоржынды кеңейтуді ұсынған болатын. Сонымен қатар, биыл Қазақстан астық экспортын Еуропа, Азия және Солтүстік Африка елдеріне де бастады.
Айта кетелік министр астық экспорты туралы: Иран, Әзербайжан, Армения, Грузия нарықтарын өзімізге қайтарғанын айтқан еді.