Қазақстан бір маманды даярлау үшін 1340 АҚШ долларын жұмсайды - Б.Жұмағұлов
Бұл туралы бүгін «Кәсіптік білім беру және бизнес: Әріптестер сұхбаты» атты үшінші халықаралық форум барысында ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов мәлім етті.
Министр атап көрсеткендей, қазіргі таңда елде әлемдік тәжірибені енгізу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Техникалық және кәсіптік білім саласындағы көшбасшы елдермен тығыз қарым-қатынастар орнатылған (Норвегия, Германия, Ұлыбритания және т.б.). 2010 жылы Қазақстанның ТжКБ жүйесі Балқан және Орталық Азияның салыстырмалы зерттеулерін біріктіретін 29 елмен қатар Еуропаның Турин үдерісіне қатысуда. Алайда әлем қарқынды дамуда. Сондықтан ел экономикасы бір-бірімен тығыз байланысты. Олардың бәсекеге қабілеті, тауарлар мен қызметтердің сапасына қойылатын талаптары күшеюде, технологиялар күрделене түсуде. Мұның барлығы еңбек ресурстарының жоғары құзыреттілігі мен мобильдігін талап етеді.
Б.Жұмағұловтың айтуынша, бүгінде отандық бизнес өз персоналын дамытуға әлі де болса аз қаржы бөледі. Жоғары білікті маман даярлау үшін бөлінетін қаржы өте жеткіліксіз.
«Біз бір маманды даярлау үшін 1340 доллар жұмсаймыз, ал, мысалға, АҚШ-та осындай көрсеткіш 10,5 мыңға, Экономикалық ынтымақтастық және дамыту ұйымының елдерінде 7,5 мыңға жуық долларды құрайды» деп түйіндеді ведомство басшысы.