16:55, 04 Қазан 2013 | GMT +5
Қазақстан біз үшін сенімді дос әрі одақтас - Беларусь Президенті А. Лукашенко
АСТАНА. 4 қазан. ҚазАқпарат -Қазақстан біз үшін - сенімді дос әрі одақтас. Бүгін елімізге ресми сапармен келген Беларусь Президенті Александр Лукашенко Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында осылай мәлімдеді.

«Біздер үшін Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік басымдықтарын барынша іске қосу қажет. Оның ішінде бірінші кезекте біздің елдеріміз арасындағы өзара тиімді қатынастарды нығайтуға баса назар аударуымыз керек. Ал бұл міндеттерді шешуге екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың 2014-2016 жылдарға арналған «Жол картасын» бекіту үлкен жәрдем бола алады», - дейді Беларусь Президенті.
А. Лукашенконың айтуынша, аталмыш кешенді құжат екі елдің өзара әрекеттестігінің барлық дерлік саласын қамтитын болады.
«Қазақстан біз үшін - сенімді дос әрі одақтас. Біз посткеңестік кеңістікте бірегей Еуразиялық экономикалық одақты құрып жатырмыз. Бұл біздердің экономикаларымызды дамытуға үлкен серпін болады», - деді А.Лукашенко.