Қазақстан блокчейн теxнологиялар мен электронды валюталардан не ұтады

Қазіргі кезде биткойн, лайткойн электронды ақшалары кейбір мемлекеттерде заңдастырылып үлгерген. Онда құйылып жатқан инвестициялар да миллиардтаған долларға жетіп отыр. Бұл сала өте ауқымды және бір мақалаға сыймайтыны анық. Дегенмен біз түрлі сарапшылардың көмегімен аталмыш теxнологиялардың әлеуетін бағамдап көруді шештік.
Әр жылдары Қазақстанның қаржы нарығын мемлекеттік реттеу жүйесінде қызмет атқарған, қазіргі уақытта өзі ашқан Real Invest Group брокерлік компаниясының басшысы, танымал қаржыгер Баxыт Ниязовтың пікірінше, электронды валюталар мен транзакциялар - мемлекет тарапынан шектелмеуі тиіс, керісінше зерттелуі қажет маңызды салалардың бірі.
Тіпті оның ойынша, блокчейн болашақта мал шаруашылығын, банк жүйесін және басқа да салалардың құрылымын түп-тамырымен өзгертіп тастауы ықтимал. Сол үшін, Б. Ниязовтың сөзінше, күні ертең бұл революциялық теxнология қарқын ала бастаса, Қазақстан тасада қалып қоймауы тиіс.
"Криптовалюталарға, нарық пен бұл өнімнің спецификасын, қатысушылары мен мақсат-міндеттерін мемлекеттік регуляторлар тарапынан түсінбеу бізде ғана емес, барлық әлемде бар. Ағымдағы жағдай өте жылдам өзгеруде. Биткойн туралы біреу естіген де шығар, бірақ этериум туралы ешкім әлі білмейді. Бұл да жаһандық нәрсе, оны бізге жылдам түсіну қажет. Таяу жылдары өте ауқымды өзгерістер міндетті түрде орын алады. Сондықтан бұл нарықтың сегментін түсіну өте маңызды міндет деп санаймын. Өкінішке қарай, оған біздің мемлекеттік органдардың қолынан келетініне күмәнім бар, себебі осы мәселеде олардың құзыр-қабілеті жетпейді", - деп атап өтті қаржыгер.
Оны бақылауға алуға, реттеуге болады ма деген сауалға келетін болсақ, Б. Ниязовтың ойынша, біздің мемлекеттік органдар «реттеу» деген ұғымды қазіргі бағалы қағаздар нарығын реттеу моделімен шатастырып алуы ықтимал.
"Ол соншалықты жақсы емес, себебі меніңше, қазіргі қаржы секторын реттеу жүйесі өмірден қалып қойған. Бұл реттеу ешқандай тиімді шешімдер бермейді, ешкімнің мүддесін қорғай алмауда. Криптовалюталар жүгінетін блогчейн технологиясының жүйесі реттеуге келмейді. Оған тыйым салуға болады. Кейбір мемлекеттер сияқты қылмыстық қудалау енгізуге де әбден болады. Бірақ бұл реттеу емес, өмірге енетін ауқымды өзгерістерді елемеу болады. Блокчейн технологиялар мен осындай транзакцияларды пайдаланған адамдарды түрмеге қамауға болады, кейбір елдегідей. Бірақ бұл біздің қаржылық нарығымыздың өмірден қалыс қалуына әкеп соқтырады. Әлемнен қалып қоямыз. Сондықтан қазір мемлекеттің қолынан келетін бірақ іс бар - ол мейлінше көп үйрену", - деді Б. Ниязов.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан Үкіметі әлемде криптовалюталар саласында не болып жатқандығын түсіндіре алатын, алдағы 2-3 жылда орын алуы ықтимал болжамдар айтылатын халықаралық шараларға жиірек барып отыру қажет. Сонда мемлекет кем дегенде бұл саланы түсінетін болады.
"Сол кезде бұл технологияларды қажетті салаларға да енгізуге болар еді. Мысалы, Украинада блокчейн технологиялар сауда жүйесін орталықтандыруға мүмкіндік берді. Оған сырттан араласу мүмкін емес. Ол мемлекеттік активтерді жеке меншікке сату кезінде қолданып жүр. Бұл жүйе 100 пайыз ешкімге сауда нәтижелеріне әсер етуге мүмкіндік бермейді. Осы сауалды меңгеріп, кейін оны енгізетін болсақ, ол дамуымыздың жаңа бағытында оң нәтижелер береді", - деді ол.
Қаржыгердің айтуынша, криптовалюталарды, оның ішінде биткойн және өзге де жүздеген электрондық валюталарды реттеу өте қиын. Себебі адамға интернетке кіріп, қызмет үшін қаражат аударуына тыйым сала алмайсыз. Осы салада да өте үлкен өзгерістер орын алмақ. Сол кезде реттеу тіпті мүмкін емес болады. Бірақ Қазақстанның қолынан келетіні - ақпаратты, талдауларды мейлінше көп беру.
"Бір криптовалютаның, екінші валютадан айырмашылығы не? Түрлі типтер мен шарттар бар. Аталмыш валюталардың түрлі типтегі майнингтері бар. Бұл не екенін түсіндіру қажет. Аталмыш валюталар, түрлі құралдар өте қарқынды дәріптеліп жатыр. Алайда халықта мүлдем түсінік жоқ ол туралы", - деп түйді ойын Б. Ниязов.
"ҚазАқпарат" тілшісінің ресми сауалына берген жауаптарында Қазақстанның Ұлттық банкі әлемде қарқын алған аталмыш теxнологияларды жіті бақылап отырғандықтарын мәлім етті. Дегенмен электронды валюталарға елімізде ресми түрде рұқсат етілмеген.
Ұлттық банк: "Қазіргі уақытта әлемде жалпыға түсінікті болатын «криптовалюталарды» заңнамалық реттеу тетіктері жоқ. Аталмыш өнімдер белгілі бір ресми ақша бірлігіне байланбаған. Бүгінгі таңда таратылып отырған «криптовалюталардың» ерекшелігі пайдаланушылар алдында жауапты эмитенттің жоқтығы. ҚР Ұлттық банкі «виртуалды валюталар» айналымыы саласындағы әлемдік үдерістерді бақылауда, бірақ әлем мемлекеттері арасында оларды реттеу бойынша нақты ұстаным жоқ. Қазақстандық заңнама бойынша виртуалды валюталар рұқсат етілген төлем жасау құралына жатпайды. Қазақстанның қаржылық ұйымдары криптовалюталармен байланысты операцияларды қолдануға және олардың қатысуымен мәміле жасауға құқылы емес. Пайдаланушылар (жеке тұлғалар) құқықтық тұрғыда қорғалмаған жеке операциялардың қауіп-қатерін өздері көтереді, мемлекет азаматтардың криптовалюталар бойынша қаржыларының қауіпсіздігіне және толық құнына кепілдік бере алмайды.
Ұлттық банк өз тарапынан қаржылық ұйымдарды (екінші деңгейлі банктерді, сақтандыру ұйымдарын, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары) «криптовалюталарға» қатысты жоғарыда аталған заңнамалық қатерлер мен шектеулер туралы хабарландырды".
Бұдан аңғарып отырғанымыз, отандық қаржылық реттеуші билік электронды валюталар, блокчейн теxнологиялар саласын әлі танып біле алмай отыр. Барша әлем бұған анықтама бере алмауда.
Forex Club компаниялар тобының сарапшысы Ирина Рогова, дүниежүзінде электронды валюталарды реттейтін не бақылайтын орган жоқ екендігін айтуда.
"Криптовалюталар қаржылық нарықтар үшін жаңалық емес және олардың саны өте көп. Бірақ ең танымалдары - биткойн мен лайткойн. Белгілі бір статистика туралы айту мүмкін емес. Ресми түрде Қазақстанда криптовалюта әзірге заңдастырылған жоқ. Сондықтан халық арасында бұл құрал қаншалықты танымал екендігін айту қиын. Оның үстіне криптовалюталарды қолмен ұстап, көзбен көру, әмиянға салып қою мүмкін емес. Дегенмен бұл ақша екенін түсіну керек, онымен тауар үшін және көрсетілген қызмет түрі үшін төлем жасауға немесе дәстүрлі валюталардың біріне арнайы сауда алаңдарында алмастырып алуға болады. Бірақ әзірше ТМД елдерінде мұндай операциялар заңмен рұқсат етілмеген. Сандық валюталар фиаттық валюталардың айырмашылығы - оларда орталықтандырылмаған валюталар. Олардың реттейтін не бақылайтын органдар жоқ. Тіпті олардың эмиссиясын жүзеге асыратын бірыңғай орган да жоқ. Бұл ақшалар желіде бірқатар криптографиялық міндеттерді шешу барысында «өндіріледі». Бірақ дәстүрлі ақшаға криптовалюта сатып алуға мүмкіндік беретін сауда алаңдары да бар", - деді ол "ҚазАқпарат" тілшісіне берген сұxбатында.
- Қазақстанда осы саланың дамуы қаншалықты маңызды? Осы бағытта қандай ұсыныстар айта аласыз?
"Мен қазір криптовалюталар туралы айта алмаймын. Бірақ желідегі транзакциялардың орталықтандырылмаған мәліметтер базасы - blockchain технологиясына көптеген қаржылық институттардың қызығушылығы артып отыр. Бұл қазір орылмаған тың жерлер сияқты. Бірақ оның болашағы өте зор. Бұл тетіктің енгізілуі барлық банк жүйесін, оның қаржылық операциялар бағытындағы қызметін түп-тамырымен өзгертіп жібереді. Егер мұндай жүйе енгізілер болса, уақыт пен қаржы шығынын едәуір азайтады. blockchain технологияларын қолданатын болса, транзакцияларды нақты сол уақытта жүзеге асырып жіберуге болады. Қазіргі уақытта дәстүрлі банк операциялары 3-5 тәулікке созылады. Сонымен қатар делдал банктер болмайды. Бұл өз кезегінде комиссиядан қаражатты үнемдеуге мүмкіндік бермек", - дейді Ирина Рогова.
Оның айтуынша, елімізде соңғы уақыттарға дейін криптовалюталар айналымына қатысты заң болған жоқ. Тіпті соңғы кезге дейін осы сауалға қатысты биліктің ұстанымы теріс болатын. 2014 жылы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы болған Қайрат Келімбетов Ұлттық банк биткойнды қаржылық пирамиданың бір түрі деп тануы ықтимал дегенді айтқан болатын. Бірақ бүгінгі таңда blockchain технологиялардың танымалдылығы артып отырғандықтан, Қазақстанның Ұлттық банкі бұдан тыс қалмауға тырысады.
"ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің мәлім еткеніндей, реттеуші орган күзге қарай криптовалюталарға қатысты бірқатар жобалар дайындауда. Жалпы бұл өте дұрыс шешім. Blockchain технологиясын дамыту криптовалюталардан тыс дамыту мүмкін емес. Егер бір нәрсе ресми түрде заңдастырылмаса, жаза алу қаупі бар. Сондықтан қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупі бар кезде бұл технологиялармен ешкім жұмыс жасамайды. Оның үстіне көлемі өскен «қара нарықпен» күрескенше, ішінара заңдастырып, оны бақылап отырған әлдеқайда жеңіл әрі тиімді. Бірқатар мемлекеттерде биткойндар заңдастырылған және дәстүрлі валюталармен қатар төлем құралы деп танылған", - деп атап өтті Ирина Рогова.
Блокчейн теxнологиялардың мәнін түсіну қиын емес - ол орталық басшылықсыз қызмет ететін жалпыға ашық өте ауқымды мәліметтер базасы. Биткойн электронды валютасының айналымына келетін болсақ, оның транзакциясын блокчейн жүйесінің қатысушылары - майнерлер айналысады. Олар өздерінің әрекеттерін растап, транзакция жазбаларынан блоктар құрады.
Майнинг процесі өте үлкен ақпараттарды өңдеумен және сақтаумен бірге жүретіндіктен, жүйе қатысушыларына өте қуатты компьютерлер қажет. Жүйе қатысушыларының қолдарында іріктелген мәліметтер базасы болады. Блокчейн теxнологияларға негізделген мәліметтер базасының іріктелуі транзакциялардың дұрыстығын қадағалап отыруға мүмкіндік береді және ешқандай қаржылық реттеу органдарының араласуын талап етпейді.
Блокчейн транзакциялардың банк транзакцияларынан басты айырмашылығы - делдалдар болмайды. Қазір ақша, құжат немесе өзге мәліметтерге қатысты операциялар амалсыз делдалдар арқылы орын алады. Банктер, мемлекеттік органдар немесе қарапайым нотариустар атқарылған іс-қимылдарды растаумен айналысады. Блокчейн теxнологияда орталық орган деген ұғым жоқ, сондықтан атқарылған транзакцияларды жүйенің барлық қатысушылары тексере алады. Бұл процедураларды азайтып, делдалдардан арылуға септігін тигізеді.
Қарапайым тілмен жеткізгенде, теxнология өмірге енгізілетін болса, банктердің, кейбір бақылаушы мемлекеттік органдардың, аудиторлардың, бақылаушылардың, сақтандыру компанияларының және тіркеуші органдардың қажеттілігі болмай қалады.