Қазақстан бокс федерациясы кубогының іріктеу кезеңі басталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласында бокстан Қазақстан бокс федерациясы кубогының іріктеу кезеңі басталды. Бұл қалада Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарының боксшылары сынға түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан бокс федерациясы кубогының іріктеу кезеңі басталды

Іріктеу кезеңі 4-6 қазан аралығында өткізіледі. Бүгін алғашқы жекпе-жектер болды. Қарағанды боксшылары қызылордалық, Ақтөбе спортшылары Солтүстік Қазақстаннан келген қарсыластарын 6:2 есебімен жеңді.

Естеріңізге сала кетелік, биылғы бокстан Қазақстан бокс федерациясы кубогының жеребесі бойынша 16 облыс құрамасы төрт топқа бөлінген. Қарағандыда А тобындағы облыс құрамалары сынға түссе, Көкшетауда В, Шымкентте С, Ақтауда D тобындағы облыс құрамаларының былғары қолғап шеберлері қолғап түйістіреді. Іріктеу кезеңіндегі жекпе-жектер 3-13 қазан аралығында болады.

Аталмыш турнир биыл оныншы мәрте жалауын көтерді. Бұдан бұрынғы жылдарда Нұр-Сұлтан қаласы (2010, 2013), Қарағанды (2011), Жамбыл (2014), Түркістан (2015, 2017), Маңғыстау (2012, 2016, 2018) облыстары Қазақстан бокс федерациясы кубогында жеңімпаз атанған болатын.