Қазақстан боксшысы әлем чемпионы титулы үшін өткен жекпе-жекте қарсыласын нокаутқа түсірді
АСТАНА. KAZINFORM—Қазақстандық боксшы Дәулет Қаби (4-0, 3 КО) Ыстамбұлда (Түркия) жекпе-жек өткізіп, жергілікті боксшы Сердар Ширинмен (5-3-1, 2 КО) кездесті, деп жазады Sports.kz.
WBS (International Boxing Society) нұсқасы бойынша жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін өткен жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланған болатын. Бірақ Дәулет Қабидің басымдығымен ерте аяқталды. Боксшының өзі Instagram парақшасында жекпе-жектің ең жарқын сәттерінің видеосын жариялады.
Айта кетейік, 28 жастағы Дәулет Қаби кәсіпқой жекпе-жегін 2017 жылы бастап, алдыңғы жекпе-жегін 2023 жылы тамызда Қазанда (Ресей) өткізіп, жергілікті дебютант Дмитрий Кузинді нокаутқа түсірген болатын.