Қазақстан Болгарияны стратегиялық маңызы бар серіктес ретінде қабылдайды

АСТАНА. KAZINFORM – Болгария – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Бұл туралы Ақордада Болгария Президенті Румен Радевпен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қазақстан Болгарияны стратегиялық маңызы бар серіктес ретінде қабылдайды
Фото: Ақорда

- Ең алдымен менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келгені үшін Президент Румен Радев мырзаға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қонақжай қазақ еліне қош келдіңіздер. Бұл кездесу екі елдің ынтымақтастығына тың серпін береді деп сенемін. Болгария Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Біздің ықпалдастығымыз мызғымас достық пен түсіністікке негізделген. Жалпы, Қазақстан Болгарияны стратегиялық маңызы бар серіктес ретінде қабылдайды және Сіздің мемлекетіңізбен қарым-қатынасты одан ары дамытуға үлкен мән беруде, - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент Қазақстан мен Болгария арасында дипломатиялық қатынас орнағанына өткен аптада 33 жыл толғанын еске салды.

- Сіздің сапарыңыз осы мерейлі межеге тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақыт ішінде біздің елдеріміз барлық деңгейде өзара сенім рухындағы саяси диалог орнатты. Нақты шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстары нығая түсті. Елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі этностар қатарына болгар ұлтының өкілдері де бар. Осы ерекше байланыс халықтарымыз арасындағы ынтымақтастықты арттыра түседі. Қос мемлекеттің халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығы да кеңейіп келеді. Жан-жақты әрі сенімді серіктестігімізді алдағы уақытта да бекіте түсеміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге ресми сапармен келген Болгария Президенті Румен Радевті қарсы алғанын жазған едік.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Болгария мен Қазақстан арасында іскерлік кеңесі құрылатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар