Қазақстан Бразилияға елімізде авиациялық-техникалық орталық ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынады (ФОТО)

Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастарды дамыту перспективаларын талқылады. Өз кезегінде Қ. Саржанов Бразилиямен машина жасау, металл өңдеу, мұнай және мұнай-химия өнеркәсібі салаларында ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ бразилиялық инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға мүдделі екенін баса айтты. Бұдан бөлек, Елші екіжақты сауда айналымының құрылымын ескере отырып, ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастықтың даму әлеуетінің мол екенін атап өтті, оның ішінде Қазақстан аумағында ет, сүт шығаратын бірлескен кәсіпорындарды құру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін заманауи технологияларды қолдану арқылы өңдеу бойынша тәжірибе алмасу сияқты мәселелерге назар аударылды. Сонымен бірге, ол еліміздің әуе құрылымында бразилиялық «Ембраер» компаниясының 12 жолаушы ұшақтарының бар екенін айта келе, Қазақстанда авиациялық-техникалық орталықты ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Елші әңгіме үстінде Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық жұмыстары белсенді атқарылып жатқандығына ерекше назар аударды. Бұл ретте ол Бразилияның қатысуы туралы ресми растау құжатын жіберу мәселесін және «ЭКСПО» Комиссарын тағайындау рәсімін тездетуге шақырды. Сондай-ақ, Қ. Саржанов «Итайпу Бинасионал» бразилиялық компаниясы «ЭКСПО-2017» алаңында ұлттық павильонын ашу мәселесінде Бразилия үкіметіне қаржылық көмек көрсетуге дайын екендігін айтты.
Бұдан басқа, Қазақстан Елшісі «Нұрлы жол» бағдарламасы және Бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде қоғамды дамыту мен экономиканы әртараптандыру бойынша атқарылып жатқан шаралар, инвестициялық климатты жетілдіру жұмыстары, жекешелендіру үдерісі туралы хабарлады. Сондай-ақ елші Қазақстан Президентінің бітімгерлік бастамасы - «Әлем. XXI ғасыр» манифесінің негізгі қырлары туралы баяндады.
Өз кезегінде, М. Темер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа табыс және Қазақстан халқының игілігі үшін жаңа жағдайларды туғызуына шын жүректен тілектестігін білдірді. Дүниежүзілік саяси сахнасында Қазақстанның өсіп жатқан беделін атап өтіп, елімізбен барлық салаларда өзара ықпалдасуға дайын екенін атап өтті және сауда-экономикалық әлеуетті жандандыруға барлық мүмкіншіліктер бар екенін айтты.