Қазақстан БРИКС-ке қосыла ма – Еркін Тұқымовтың пікірі
Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті кезінде Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанның БРИКС-ке мүше болуын қолдайтынын мәлімдеді. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Kazinform тілшісіне Қазақстанның БРИКС-ке неге қосылуы қажет екенін, оның елімізге не пайда беретіні жөнінде айтып берді.

Ең алдымен Тұқымовтың айтуынша, БРИКС – мемлекеттердің кездейсоқ жинақталған ортасы емес.
– Егер мәселеге геосаяси перспективадан қарайтын болсақ, заңдылықтарды байқаймыз. БРИКС кездейсоқ құрылмаған. Картаға қараңыз, бұл елдердің барлығы әлемдік маңызды теңіз жолдарында тұр. Қытай – үлкен Тынық мұхит жағалауында, Ресей – Солтүстік теңіз жолында, Үндістан – Үнді мұхитында, Бразилия – Оңтүстік Атлантта, ОАР – Дрейк бұғазында, Мысыр – Суэц каналында, Иран мен БАӘ – Парсы шығанағы және Ормуз бұғазында орналасқан, – деп түсіндірді сарапшы.
Егер осы формат бойынша зерделесек, Қазақстан құрлықтағы басты көлік торабы ретінде қызмет етеді.
– Біз шынымен де континенттік транзиттік хабқа, жолдардың, құбырлар мен авиамаршруттардың қиылысына айналудамыз. Егер БРИКС-ке қосылуды осы тұрғыдан қарайтын болсақ, бұл алаң Қазақстан үшін өте пайдалы болады. Көлік әлеуетін дамыту елдің әлемдік аренада орта держава ретіндегі ұстанымын нығайтумен тығыз байланысты, - деп есептейді Е.Тұқымов.
ҚСЗИ директорының айтуынша, БРИКС Қазақстан үшін Бразилия, Египет, ОАР, Эфиопия сияқты орта державалармен қарым-қатынас орнату тұрғысынан маңызды болмақ.
– Аталған бірлестікке мүше болуға үміткер елдердің тізімін, яғни, 32 өтінімді назарға алатын болсақ, «middle powers» форматындағы ынтымақтастықтың шеңбері Қазақстан үшін айтарлықтай кеңеюде. БРИКС өзін прагматикалық және сындарлы өзара іс-қимыл алаңы ретінде көрсетеді. Формат іске қосылғаннан бері БРИКС елдері өзгелерге қарсы тұру мақсаты емес екенін мәлімдеді. БРИКС-қа басты лейтмотив әрдайым сауда, құрамындағы елдердің экономикалық өсімі саналды. Қазір БРИКС әлемдік экономиканың үштен бірін құрайды. Қазақстан үшін үдерістен тыс қалмау маңызды, сондықтан біз БРИКС-ке қосылу мәселесінде белсенді позицияны ұстанамыз, – деп қорытындылады Еркін Тұқымов.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның БРИКС-ке қатысушы мемлекет ретінде әлеуетін дамытуға өз үлесін қосқысы келетінін мәлімдеген болатын.
– Мен жаһандық қауіпсіздікті, орнықты даму мен инклюзивтілікті қамтамасыз етуге бағытталған ұжымдық күш-жігерді арттыру қажет екеніне нық сенімдімін, – деген еді ҚР Президенті Йоханнесбургте өткен БРИКС-тің 15-ші саммиті аясында.