Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғимараты мемлекет меншігіне өтті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – NNEF қоғамдық қоры Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) орналасқан ғимаратты өз еркімен және өтеусіз негізде мемлекеттік меншікке берді. 

Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғимараты мемлекет меншігіне өтті
Фото: ҚБТУ баспасөз қызметі

Құжатқа сәйкес, ҚБТУ акциялары әлі де NNEF қорының меншігінде сақталады.

Қазіргі уақытта Қор Алматы әкімдігімен ғимаратты университетке сенімгерлік басқаруға беру туралы келіссөздерді жалғастырып жатыр.

– ҚБТУ-дың тарихи ғимараты Алматы мен Қазақстан үшін маңызды сәулеттік және мәдени құндылық болып есептеледі. Оның мемлекеттік меншікке өтуі объектіні ұзақ мерзімді сақтауға және ұқыпты басқаруға бағытталған жауапты шешім ретінде бағаланады, - делінген хабарламада.

Қор мен ҚБТУ университеттің техникалық білім беру саласындағы көшбасшылығын нығайтуға арналған даму стратегиясын әзірлеп, іске асырып жатыр.

– Стратегия аясында студенттер мен оқытушыларға заманауи және қолайлы жағдайлар жасайтын жаңа оқу кампусы салынады, - деп хабарлады NNEF қоғамдық қоры.

Еске салайық, бұған дейін ҚБТУ меншік иесі туралы мәселе Жоғарғы сотта қаралып жатқанын хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар