Қазақстан бірқатар елмен автокөлікпен жүк тасымалдау саласында келісім жасайды
Елімізге халықаралық жүк тасымалында жұмыс істейтін ірі операторлардың өкілдіктері тартылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Отандық тасымалдаушылардың бәсекелестікке қаблеттігін арттырудың бірден-бір тетігі ол - автокөлік құралдарының жеткілікті деңгейде болуы. Алдағы жылдары көлік паркін 2 есеге ұлғайту үшін төмендегідей шараларды қабылдау жоспарланып отыр. Олар: елімізге халықаралық тасымалда жұмыс істейтін ірі операторлар өкілдіктерін тарту, халықаралық тасымалдау үшін автокөлік сатып алуға жеңілдетілген жағдайлар жасау, тартқыш көліктердің отандық өндірісін дамыту, Араб Әмірліктерімен, Даниямен, Македониямен және Португалиямен автотасымалдау саласында үкіметаралық келісімдер жасасу», - деді Сәтжан Аблалиев.
Оның атап өтуінше, Араб Әмірліктермен келісімге отыру отандық тасымалдаушылар үшін Парсы шығанағы порттарына, Үндістан, Пәкістан және басқа да елдердің жүк нарығына шығуды қамтамасыз етеді.
«Сондай-ақ, шетелдік рұқсат бланкілерін таратудың автоматтандырылған жүйесін енгізу арқылы адал бәсекелестікке жағдай жасалады», - деді ол.