Қазақстан бірінші ядролық энергетика саммитіне қатысты

Қазақстан бірінші ядролық энергетика саммитіне қатысты
Фото: Kazinform

БРЮССЕЛЬ. KAZINFORM – Бейсенбі күні Брюссельде қазақстандық делегацияның қатысуымен бірінші ядролық энергетика саммиті өтті.

Бельгия үкіметі Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) бірлесіп ұйымдастырған саммитке Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰК» АҚ төрағасы Мейіржан Юсупов қатысты.

Саммитке 22 мемлекет пен үкімет басшылары, Еуропалық кеңестің, Еуропалық комиссияның президенттері, министрлер, сондай-ақ 300-ден астам халықаралық ұйымның, трансұлттық компаниялардың, дипломатиялық миссиялардың және сарапшылық топтардың басшылары қатысты. Іс-шараға Бельгияның премьер-министрі Александр де Кроo мен МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Мариано Гросси төрағалық етті.

Саммиттің мақсаты – климаттың өзгеруінің жаһандық мәселелерін шешудегі, энергетикалық қауіпсіздікті арттырудағы және экономикалық дамуды ынталандырудағы атом энергетикасының рөлін талқылау.

Айта кетейік, Саммит 2023 жылы желтоқсанда Дубайда өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясының (COP28) қорытындысында атап өтілген басқа да төмен көміртекті энергия көздерімен қатар атом энергетикасының маңыздылығының артуы аясында өтіп жатыр.

Іс-шараны ашқан Александр де Кроо энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде атом энергетикасының маңыздылығын атап өтсе, МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Мариано Гросси бұл саммит әлемдік инвестицияны қажет ететін атом энергетикасы үшін бетбұрыс кезеңі болуы керектігін айтты.

Еуропалық кеңес төрағасы Шарль Мишель «нағыз энергетикалық одақ» құру қажеттігін айтып, бұл мәселеде ядролық энергия шешуші рөл атқара алатынын атап өтті. Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен атом энергетикасы ЕО-да 22% үлеспен электр энергиясын өндірудің негізгі көзі болып қала беретінін атап өтті және салаға жаңа инвестицияларды қамтамасыз етуді маңызды деп санайды.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ президенті Мейіржан Юсупов «Энергия ресурстарын үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты. Қазақстан – табиғи уран өндіруден әлемде көшбасшы (2022 ж. – 43%), уран қоры бойынша да екінші орында (2021 ж. – 13%). Сонымен қатар Қазақстан – Еуропа нарығына табиғи уранның негізгі жеткізушісі (үлесі шамамен 27%).

ҚР Елшісі Марғұлан Баймұхан Kazinform тілшісіне саммит барысында атом өнеркәсібіндегі түрлі өзекті тақырыптар бойынша пікірталас болғанын айтты.

«Саммитте дамушы елдер үшін ядролық технологиялардың қолжетімділігі туралы айтылды. Түрлі салаларға арналған жобаларды қаржыландыру, соның ішінде атом өнеркәсібіндегі инновациялар, оларды тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және медицина салаларында қолдану мәселелері сөз болды. Сондай-ақ саланың мәселелері талқыланды. Осылайша, бүгінде атом индустриясында тіпті кадрлар мен біліктіліктің белгілі бір тапшылығы байқалады. Бүкіл әлемде атом электр станцияларының немесе шағын модульдік реакторлардың ауқымын кеңейту қажеттілігі туындады. Сонымен қатар көптеген елдер, әсіресе Еуропа елдері «жасыл энергия» энергия бағасының тұрақтылығын сақтауға көмектеседі деп есептейді», - деді ол.

Қатысушылар бейбіт атом энергетикасы саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, МАГАТЭ-нің жетекші ұйым ретіндегі рөлі ерекше атап өтілді.

«Бүгінгі талқылау көптеген елдердің атом энергетикасын дамытып, жаңа модульдік реакторлар салуына алып келеді деп ойлаймын. Қолданыстағы ядролық реакторлар жаңартылады. Осының барлығы бүгінде атом энергетикасының жаңа қуатқа ие болып жатқанын аңғартады. Бірақ, сонымен бірге, жаңа сын-қатерлер, соның ішінде қазіргі заманғы атом энергетикасында белгілі бір ғылыми әзірлемелердің жоқтығын тағы да қайталаймын. Брюссельдің пікірінше, бұл көптеген дамушы елдер үшін жаһандық мәселе. Атом энергетикасы көміртегі бейтараптығын қамтамасыз ету, экологиялық тәуекелдерді азайту және көміртегі шығарындыларын азайтудың маңызды элементі екенін барлығы тағы да атап өтеді. Біз, Қазақстан әлемдік нарықтағы негізгі жеткізуші бола отырып, көптеген елдер үшін жаһандық деңгейдегі маңызды серіктеспіз», - деп атап өтті ҚР Елшісі.

Соңғы жаңалықтар