Қазақстан БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясына қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары полиция генерал-майоры Бауыржан Әленов бастаған делегация Вьетнам астанасы Ханой қаласында өткен БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясына қол қою рәсіміне қатысты. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Қазақстан БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясына қол қойды
Фото: Polisia.kz

Аталған құжат ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және жаһандық киберқауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.

ҚР ІІМ Конвенция жобасын әзірлеу барысында ұлттық мүдделерді ұстана отырып, мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін қалыптастыруға бағытталған ұсыныстар енгізіп, белсенді жұмыс атқарды.

Конвенцияға қол қою Қазақстанның цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, киберқатерлерге қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін жетілдіру және киберқауіпсіздік саласында басқа елдермен әріптестікті нығайту жөніндегі мемлекеттік саясатын іске асырудағы маңызды қадам болды.

Конвенцияға қосылу Қазақстанға:

  • басқа елдермен электрондық дәлелдемелермен жедел алмасуға;
  • трансшекаралық киберқылмыстарды тергеу кезінде тиімді өзара іс-қимыл жасауға;
  • азаматтарды интернет-алаяқтықтан, кибершабуылдардан және цифрлық кеңістіктегі өзге де қауіптерден қорғауға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін БҰҰ-ның киберқылмыс туралы конвенциясына қосылу не үшін маңызды екенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар