Қазақстан БҰҰ-ның онлайн қызметтер индексі бойынша ТМД елдері арасында көшбасшы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан — электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша әлемдегі үздік 30 елдің қатарына кіреді, сондай-ақ World Bank GTMI бағалауында «А» тобына енген. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлім етті. 

Қазақстан БҰҰ-ның онлайн қызметтер индексі бойынша ТМД елдері арасында — көшбасшы
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Қазақстан БҰҰ-ның онлайн қызметтер индексі бойынша ТМД елдері арасында 1-орында тұр. Электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша әлемдегі үздік 30 елдің қатарына кіреді, сондай-ақ World Bank GTMI бағалауында «А» тобына енген. Бұл көрсеткіштер жай ғана сандар емес, мемлекеттік басқарудың ашықтығы, қолжетімділігі және тиімділігі қағидаттарына адалдығымыздың халықаралық мойындалуы. Біздің мақсат — көрінбейтін үкімет, яғни қызметтер азаматқа проактивті түрде, артық бюрократиясыз ұсынылатын, ал технологиялар өмірдің ажырамас бөлігіне айналатын жүйе құру, — деді Ростислав Коняшкин «Орталық Азия — Қытай» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумында.

Одан әрі вице-министр бүгінге дейін істелген жұмыстарды тізіп шықты:

— eGov мобильді қосымшасы — ЭЦҚ-лардың 50%-дан астамы тікелей смартфон арқылы рәсімделеді;

— 78 миллионнан астам көрсетілген қызмет, 10 миллионнан астам пайдаланушы, оның ішінде ай сайын 5 миллионнан астамы белсенді;

— Әлеуметтік әмиян — азаматтар азық-түлік, дәрі-дәрмек, ақшалай емес көмек түрлерін кеңсеге бармай-ақ, бір ғана батырмамен ала алады;

— Шағын және орта бизнеске арналған платформа, ол нақты уақытта цифрлық құралдарға, аналитикаға, жеңілдіктер мен субсидияларға қол жеткізуді қамтамасыз етеді;

— Data Lake — 120-дан астам мемлекеттік дерекқор біріктірілген бірыңғай деректер базасы. Бұл басқарушылық шешімдерді болжаммен емес, нақты деректермен қабылдауға мүмкіндік береді;

— Жасанды интеллект жүйелері — eGov AI және Qazaq Law секілді құралдар азаматтарға мемлекеттік қызметтер мен құқықтық мәселелер бойынша бағыт-бағдар береді.

— Біз тек процесті автоматтандырып қана қоймаймыз. Біз басқару тәсілінің өзін өзгертіп жатырмыз. Мемлекеттік қызметтерді қайта жобалау, қағазбастылықтан бас тарту, биометриялық сәйкестендіру, бір күнде рәсімделетін электрондық ипотека — мұның бәрі енді келешек емес, қазір мүмкін дүние. Алайда, біздің жұмыс мұнымен тоқтамайды. Біз GovTech экожүйесін кеңейтуді, ашық деректерді қолдауды, платформалық шешімді дамытуды және отандық цифрлық өнімдерді экспортқа шығаруды жалғастырамыз. Цифрландыру — мақсат емес, бұл мемлекетке деген сенімді арттыру құралы. Біз цифрлық мемлекетті әрбір азамат пен кәсіпкер үшін қарапайым, ыңғайлы және әділетті ету жолында бар күшімізді салып жұмыс істеп жатырмыз, — деп толықтырды министрдің орынбасары.

Бұған дейін хабарлағанымыздай кемінде 300 мың доллар инвестиция салған шетелдіктерге Қазақстанда 10 жыл тұру мүмкіндігі беріледі

Айта кетейік, елордада өтіп жатқан «Орталық Азия — Қытай» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумында Қазақстан мен Қытай 25 млрд долларға 60 келісімге қол қойды

Соңғы жаңалықтар