Қазақстан БҰҰ рейтингісінің «е-қатысу» индексі бойынша ІІ орында

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Женевада өткен WSIS - 2012 форумында қазақстандық делегация ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы еліміздің жетістіктерін таныстырды,
None
None

деп хабарлады pm.kz сайты.

БҰҰ-ның соңғы рейтингісіне сәйкес, Қазақстан «е-қатысу» индексі бойынша ұйымға қатысушы 190 елдің арасында Сингапурмен бірге 2-ші орынды бөліскен болатын.

2005 жылы осы индекс бойынша еліміз 31 орында болған еді. Ал «электрондық үкіметті дамыту» индексі бойынша біздің еліміз үстіміздегі жылы 38-ші орынға көтерілді. 2005 жылы 65 орынды иемденген едік.

Қазақстан Республикасында «электрондық үкіметті» құру бастамасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. Е-үкіметті енгізу бағдарламасы Елбасының 2004 жылғы 10 қарашадағы Жарлығымен бекітілді.

2004-2006 жылдар аралығында «электрондық үкіметтің» веб-порталы мен шлюзі, ведомствоаралық электрондық құжат айналымы куәландырушы орталықтар, бірыңғай тасымал орта, жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік деректер қоры іске қосылды. www.egov.kz порталы өз жұмысын 2006 жылғы 12-ші сәуірде бастады. Іске қосу кезінде әр түрі мемлекеттік органдардың қызметін қамтыған 377 ақпараттық қызмет іске асырылды.

2007-2009 жылдар аралығында транзакция жүргізуге мүмкіндік беретін «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі бойынша жұмыстар жүргізілді. Порталда «Е-лицензиялау» бойынша деректер қоры мен алғашқы интерактивті қызметтер қолға алынды.

Қазіргі таңда «электрондық үкімет» жобаның аясында 2000-нан астам ақпараттық, 225 интерактивті және транзакциялық қызметтер ұсынылуда. Е-үкімет порталында 154120 пайдаланушы тіркелген және күн сайын 25 000 адам портал қызметін пайдаланады. Электрондық үкімет іске қосылған 6 жылдың ішінде 11200000 е-қызмет көрсетілді. Оның ішінде, 1 200 000 астам қызмет үстіміздегі жылы көрсетілді. 2012 жылғы 1-ші сәуірден бастап www.elicense.kz е-лицензиялау порталында лицензиялардың барлық түрі тек электрондық нұсқада беріледі.

Соңғы жаңалықтар