Қазақстан дағдарыс салқынын сезінбеуі үшін әр теңге тиімді пайдаланылуы керек - Б.Сапарбаев
Вице-премьермен бірге өңірге Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, бірқатар комитеттер мен департамент басшылары келді.
Облыс активімен кездесуде Б.Сапарбаевтың атап өткеніндей, мұндағы мақсат - Елбасы тапсырмасына сәйкес жергілікті жерде мемлекеттік бағдарламалардың қалай орындалып жатқандығымен танысу. Әр саладағы жетістіктерді саралай отырып, кейбір күрделі мәселелерді шешу жағын қарастыру. Мәселен, Бөрлі ауданы Березов ауылында орын алған балалардың жаппай улануына байланысты тұрғындармен кездесу өткізіліп, министрліктер мен облыс әкімдігіне нақты тапсырмалар берілді. Бұл ретте ауыл тұрғындары толық тексеруден өтеді. ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин басшылық ететін республикалық комиссия 20 қаңтарға дейін барлық тексерулерді аяқтап, қорытындысын мәлімдейтін болады.
Бердібек Мәшбекұлының айтуынша, Елбасымыз әлемдегі дағдарысты көрегендікпен алдын ала ескере отырып, дәстүрлі Жолдауды әдеттегіден ертерек жария етті. Осыған байланысты Үкімет жеті негізгі бағыт бойынша өз есеп-жоспарларын жасады. Ол жүзеге асқанда, 4 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Ең басты міндет - Ұлттық қордан бөлінетін 737 млрд. теңгені орнымен, тиімді жұмсау. Сонда Қазақстан әлемдік дағдарыс салқынын онша сезінбейтін болады.
Батыс Қазақстан облысында, қай салада болсын, даму бар, жалпы ішкі өнім көлемі өсіп келеді. Жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрайды, бұл республикалық көрсеткіштен төмен. Дегенмен алдағы кезеңде аз қамтылған, жұмыссыз және мүгедек азаматтарға баса көңіл бөлінуі керек. Әлеуметтік төлемдер төмендемеуі қажет. Қазіргі сұранысқа, жаңадан ашылып жатқан өндіріс орындарына сай келетін мамандар даярлау естен шықпауы тиіс. Жалақы төлемеушілікке жол беретін жұмыс берушілерден қатаң сұралып, осы орайда заң мен еңбек таластарын реттеу тетіктерін жетілдіру қажет. Қарашығанақ секілді ірі кен орындарында қазақстандық үлесті арттырып, шағын және орта бизнесті барынша қолдау бағытында қажетті шаралар алмайынша болмайды. «Ең бастысы, Елбасы бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың барлық жерде орындалуына жетісу қажет», деп түйді ойын Үкімет басшысының орынбасары.
Актив жиынында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Президент тапсырмаларына сәйкес өңірде атқарылып отырған жұмыстарға тоқталса, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мен Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов өз салалары бойынша алда тұрған міндеттерді тарқатып айтып берді.
Б.Сапарбаев БҚО-ға сапары барысында Оралда ұлттық жиһаз дайындайтын «Ғибадат» ЖШС жұмысымен танысты. Негізінен мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыс жасайтын кәсіпорында жетпістен астам жиһаз шығарылады. Мұның жұмысына оң баға берген Үкімет басшысының орынбасары сондай-ақ Зачаган кентіндегі №10 орта мектеп пен жуырда іске қосылған «Заңғар» балабақшасында болды.