Қазақстан даму банкі «Қазатомөнеркәсіпке» 113 млрд теңге бөлмекші
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан даму банкінің басшылығы италиялық технологиямен күкірт қышқылын өндіретін зауыт құрылысына 113 млрд теңгенің несие желісін ашу туралы шешім қабылдады.

- «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» ұлттық холдингінің құрамына кіреді) және «Taiqonyr Qyshqyl Zauyty» ЖШС жобалық компания Түркістан облысының Тайқоңыр ауылында қуаты жылына 800 мың тонна өнім өндіретін күкірт қышқылы зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыруға кредиттік желі ашу туралы келісімге қол қойды. Жобаның жалпы құны – 113 млрд теңге. Жоба аясында толық циклді технологиялар, жабдықтар мен инжинирингтік қызметтерді ұсынатын италиялық Ballestra компаниясы технологиялық серіктес ретінде тартылған. Зауыт Түркістан облысы Созақ ауданы Тайқоңыр ауылындағы уран кеніштеріне жақын орналасады. Бұл күкірт қышқылы – уран өндіруде қолданылатын ұңғымалық сілтісіздендіру технологиясы үшін негізгі реагент – логистикасын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Өнімнің негізгі тұтынушысы – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, - деп жазылған ресми мәліметте.
Зауытты 2027 жылдың бірінші тоқсанына дейін салып бітіру көзделіп отыр. Бұл зауыт іске қосылса, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы күкірт қышқылының импортын азайтар еді.
- Құрылыс кезеңінде 500-ге дейін адам, ал жоба іске қосылғаннан кейін 274 маман тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ бұл жоба өңірлік инфрақұрылымды дамытуға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді, - деп жазады ҚДБ мамандары.
Еске салсақ, наурыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясын» дамытудың 2025-2034 жылдарға арналған жаңа стратегиясы таныстырылған еді.