«Қазақстан дауысы» танымал вокалдық жобасына қатысу тегін болмақ

Екінші маусымға іріктеу 27 шілде, жексенбі күні Астана қаласында, Алматы қаласында - 6 тамызда өтеді, деп хабарлады «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметі.
Астана қаласындағы іріктеу кезеңі Абай к. 47, «Ramada plaza» қонақүйінің ғимаратында, Алматы қаласында Төле би көшесі 296 А мекенжайы бойынша өткізіледі.
Жобаның телевизиялық нұсқасы «Қазақстан» ұлттық телеарнасында 26 қазаннан бастап көрсетіледі. Жоба смс дауыс беру мүмкіндігімен 2015 жылдың 11 қаңтарынан бастап, тікелей эфирде өткізіледі.
Жобаға 18 бен 50 жас аралығындағы орындаушылар қатыса алады. Тілек білдірушілер өзімен тек қана жеке басын растайтын құжатын алып келсе болды. Жобаға қатысу үшін ақша төлеудің еш қажеті жоқ - ақысыз.
Аталған жобаның өзге байқаулардан ерекшелігі, бұл байқау қатысушылардың тек дауысқа сүйеніп, бақ сынайтындығы. Еліміздің Медеу Арынбаев, Нұрлан Албан, Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев сынды танымал жұлдыздары алғашқы тыңдау сынағында жүзден астам қатысушылардың ішінен үздіктерін таңдап, төрт команда құрайтын болады. Ақтық мәреге төрт үміткер қатысады, олардың ішінен үздік орындаушы SMS-дауыс беру арқылы анықталады.
Финалға дейінгі әрбір кезеңде үміткерлер кәсіби команда тәлімгерінен сабақ алады. Таланты мен тәлімгерден алған білімінің арқасында алға озған үміткер жеңімпаз атанары сөзсіз.
Бұл жоба The Voice of Holland (Нидерланды) немесе «Голос» түпнұсқалық форматының қазақстандық нұсқасы, ол 2013 жылдың жазында басталды. «Қазақстан Дауысы» жобасының алғашқы маусымының жеңімпазы - Қостанай облысының тумасы 27 жастағы Шахаризат Сейдахмет. Орындаушының тәлімгері - Нұрлан Албан. Байқау жеңімпазы әлемге әйгілі «Universal» дыбыс жазу студиясымен бір жылға келісімшартқа отыру мүмкіндігіне қол жеткізіп, 5 миллион теңге қаржылай сыйақыға ие болды.
«Қазақстан дауысы» 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - барлық қатысушыларды тыңдау арқылы әділқазылардың әрқайсысы төрт топ құрады. Екінші кезеңде әр түрлі топтардың мүшелерінен құралған жұптық сайыс өткізіледі. Үшінші кезеңде жеңімпаздарды халық SMS-дауыс беру арқылы анықтайтын болады.
Тележобаға қатысып, бағымды сынаймын деген үміткерлер Алматы қаласындағы +7 727 250-65-61 телефоны немесе www.thevoice.kz сайты арқылы толық ақпарат алуына болады.