Қазақстан депутаттары Сирия мен Солтүстік Африкадағы дағдарыс жайы талқыланатын ЕҚЫҰ ПА-ның қысқы отырысына қатысады

Сирия мен Солтүстік Африкадағы дағдарыс, шекаралық аймақтардың проблемалары мен сөз бостандығы мәселелері талқыланатын жиынға Қазақстан парламентшілері де қатысатын болады. Бұл туралы Сенатттың баспасөз қызметінен хабарланды.
«ЕҚЫҰ парламенттік форумының жұмысына Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков бастаған Қазақстан Республикасы Парламентінің делегациясы қатысады. Делегация құрамында сенаторлар Рашит Ахметов және Әділ Ахметов, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Мәулен Әшімбаев, Светлана Бычкова және Қуаныш Сұлтанов бар. Қысқы сессияда ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Риккардо Милиори, Австрия Парламентінің басшысы Барбара Праммер, ЕҚЫҰ ПА-ның гендерлік мәселелер жөніндегі арнаулы өкілі Хеди Фрай, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Занньер, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы Төрағасының Арнаулы өкілі Вячеслав Яцюк, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның бірқатар лауазым иелері сөз сөйлейтін болады», - делінген баспасөз хабарламасында.
Бұдан бөлек, отырыс барысында қазақстандық депутаттар Ассамблеяның үш Жалпы комитетінің (саяси мәселелер және қауіпсіздік; экономикалық мәселелер, ғылым, технологиялар және қоршаған орта; демократия, адам құқығы және гуманитарлық мәселелер) жұмыстарына, сондай-ақ үш Комитеттің бірлескен қорытынды отырысына қатысады. Қысқы отырыс ЕҚЫҰ-ның Сирия, Сахара және Солтүстік Африкадағы дағдарыс жағдайларына жауап ретіндегі шараларын талқылауға арналған арнайы пікірсайыстар өткізумен аяқталады. Сессияға 50 елден 240-тан астам өкіл келеді деп күтілуде.