09:06, 02 Шілде 2009 | GMT +5
Қазақстан Достастықтың Нанотехнологиялық инновациялық орталығын құруға атсалысуда
МӘСКЕУ. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Мәскеу маңындағы Дубна қаласында шілденің 1-2-сінде «ТМД елдерінің Нанотехнологиялық халықаралық инновациялық орталығын құру» тақырыбына арналған ұйымдастырушылық-ақпараттық форум өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталықты құру жобасына Ядролық зерттеулердің бірлескен институты (Дубна қаласы) мен «Курчатов институты» ресейлік ғылыми орталығы бірлесіп, ТМД елдерінің гуманитарлық ынтымақтастығы мемлекетаралық қорының қолдауымен 2008 жылы бастамашы болған еді. Форумға Достастықтың 11 елінің өкілдері, оның ішінде Қазақстанның да өкілдері қатысуда.
Дубна қаласында орналасатын ТМД елдерінің Нанотехнологиялық халықаралық инновациялық орталығын Достастық наноиндустриясының жоғары технологиялық нарығын қалыптастыруды реттеуші біртұтас орталық ретінде құру жоспарланып отыр.