Қазақстан ДСҰ ережелеріне қосылды: Елдің инвестициялық тартымдылығы артады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтай отырысында «1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы» Заң екінші оқылымда қабылданды.
Құжат бойынша баяндама жасаған депутат Динара Райханованың атап өтуінше, Құрылтай отырысында заң жобасының негізгі ережелері, оның мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ заң қабылданған жағдайда туындайтын әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдары талқыланды.
- Айта кету керек, Қазақстан Республикасы 2015 жылғы 30 қарашадан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі саналады және оның аясында халықаралық сауда процестерінің белсенді қатысушысы ретінде орнықты, - деді ол.
Құрылтай депутатының атап өтуінше, заң жобасы келесідей мақсаттарға бағытталған:
- қызметтер нарығында тең жағдайларды қамтамасыз ету;
- рұқсат құжаттарын берудің біліктілік талаптары мен мерзімдерін белгілеудегі ашықтықты арттыру;
- қызметтер нарығын мемлекеттік реттеуді жетілдіру;
- Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттермен ынтымақтастық аясында отандық қызмет көрсетушілер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру.
- Дүниежүзілік сауда ұйымы ережелеріне қосылу - Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға, инвесторлардың сенімін нығайтуға және бәсекеге қабілетті қызметтер нарығын дамытуға бағытталған маңызды қадам, - деді Динара Райханова.
Айта кетейік, отырыста депутаттар қылмыспен күрес, мемлекетаралық іздестіру және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты заң жобаларын талқылап жатыр.