13:04, 02 Маусым 2014 | GMT +5
Қазақстан ДСҰ-мен келісімге қол қоюға жақындады - Е.Ыдырысов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан тарапы Дүниежүзілік сауда ұйымымен келісімге қол қоюға жақындады. Бұл туралы бүгін Астанада ЕАЭО туралы келісімге қол қойылуына байланысты өткен брифингте ҚР СІМ басшысы Ерлан Ыдырысов мәлім етті.
Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы келісімге қол қойылғаннан кейін Қазақстан мен Беларусь ДСҰ-ға қосылу бойынша жұмыстарды жалғастыратынына тоқталған министр: «Атап айтқанда, Қазақстан ДСҰ-мен келісімге қол қоюға жақындады. Біздің сауда бойынша келіссөз жүргізушілер Ресей мен АҚШ-тың келіссөз жүргізушілерімен Женевада кездеседі. Олар Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі бойынша талқылауды тәмамдайтын болады», - деді. Осы орайда Е.Ыдырысов бұл мәселе таяу арада аяқталатынына үміт артты. «Сонымен қатар біз Беларусь еліне осы үдерістен сәтті өтуіне көмектесуге қуанышты боламыз. Себебі, ЕАЭО мүшелері жаһандық сауда ұйымына қосылуы біздің мүддемізге сай келеді», - деп түйді ведомство басшысы.