Қазақстан экологиялық ахуалды жақсарту үшін не істеп жатыр

«Жалпы, экологиялық ахуалды жақсарту үшін екі жылда келесідей жұмыстар атқарылды: жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілді. Жағымсыз салдарды азайту үшін ұлттық заңнамамызға климаттың өзгеруіне бейімделу нормалары енгізілгенін ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ, Өңірлердің экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі жол карталары бекітілді», - деді министр Үкімет отырысында.
Министрлік пен кәсіпорындар арасында шығарындыларды 20-дан 30 пайызға дейін азайтуды көздейтін меморандумдар мен жол карталарына қол қойылған.
«Біз Жол карталарының 9 ай бойынша орындалуына талдау жүргіздік. Бұл ретте, биыл қарастырылған 95 іс-шараның 59-ы немесе 62 пайызы орындалды. Атап айтқанда, Атырау облысы мұнай өңдеу зауытында «Тухлая балка» тоған-булануын қалпына келтіруге кірістік. Маңғыстау облысында «Қошқар Ата» қалдық қоймасын жою бойынша қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Жол карталарын іске асыру мәселесі тұрақты бақылауда. Орындалмау қаупі бар іс-шаралар бойынша да әкімдіктер жұмысты күшейтуі қажет», - деді Серікқали Брекешев.