Қазақстан экономикасы 6 айда 6,2 пайыз өсім көрсетті - Үкімет отырысы

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында жылдың 6 айында ел экономикасы 6,2 пайыз өсім көрсеткенін мәлім етті.

Серік Жұманғарин
Фото: Үкімет

- Қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,2% - ға жетті, алғашқы бес аймен салыстырғанда 0,2 пайыздық тармаққа жеделдеді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі қарқыннан жоғары және соңғы 12 жылдағы ЖІӨ өсуінің ең жоғары көрсеткіші, - деді ол.

Оның сөзінше нақты сектордағы өсім 8% болып, қызметтер өндірісі 5,2% өскен.

- Негізгі драйверлер – көлік және құрылыс салалары. Сауда жанданып, тау-кен өнеркәсібі 8,4%, өңдеу секторы 5,5%, ауыл шаруашылығы 3,7% өсіп отыр, - деді Серік Жұманғарин.

Бұған дейінгі ресми деректерде 2025 жылдың 4 айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6% өсім көрсеткені айтылған еді. Бұл көрсеткіш қаңтар–наурыздағы (5,6%) өсімнен жоғары және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (3,4%) екі есе жуық артты.

 

Соңғы жаңалықтар