Қазақстан экономикасы біртіндеп өсім траекториясына шығып келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен Үкіметтің әдеттегідей селекторлық режимде өткен отырысы барысында еліміздің қаңтар-қыркүйектегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылды. Отырыста коронавирус індетіне байланысты шектеу шаралары біртіндеп алынғаннан кейін ел экономикасының барлық салаларында өсім тіркеле басталғаны айтылды.

Ел экономикасы жандана бастады

Бүкіл әлем елдеріндегідей Қазақстан экономикасы үшін де осы жылдың алғашқы 8 айы күрделі болды. Жалпы ішкі өнім көлемі минус 3 пайызға дейін құлдырады. Дегенмен, қыркүйекте ел экономикасының түзеліп, позитивті жаққа қарай бет алғаны байқалады. Қызметтер саласында жұмыс қайта белсенді бола бастады. Өсім көрсеткен салалар саны артып, экономика жандана түсті. Нәтижесінде, жедел деректер бойынша жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 9 айдың қорытындысында 0,2 пайызға жақсара түсті. Құрылыс, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі салаларында өсу байқалуда. Дегенмен, әлі де болса көлік, сауда, әкімшілік қызмет көрсету, жылжымайтын мүлікпен операциялар, тұру мен тамақтану салаларында төмендеудің бар екені де жасырып емес.

Жалпы, Үкімет отырысында осы мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, қыркүйекте қызмет көрсету салаларының көбінде өсім қалпына келе бастады.

«Өсу факторлары – экспорт, өндіріс, өндіруші емес секторларға тартылған инвестициялар болып саналады. Бұл ретте, экспорт 8 айда 31,9 млрд долларды құрап, төлем теңгерімінің оң сальдосын 8,1 млрд доллар деңгейінде қамтамасыз етті. Дайын және өңделген өнімдердің экспорты ұлғайды. Осы жылғы қаңтар-тамызда автомобильдердің экспорты 5,7 есе, ферросилиций – 5,4 есе, күнбағыс майы – 86 пайыз, темірден жасалған созба сым – 33, титан құймалары – 9,5 пайыз өсті», - деді ол.

Министр дерегінше, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында өнеркәсіптің өсімі, ал Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласында төмендеуі байқалады. Өңірлерде 7 экономикалық көрсеткіштің 5-еуі бойынша 7 облыста, 4-еуі бойынша 7 облыста, 3-еуі бойынша 3 өңірде өсім бар.

Өңдеу өнеркәсібінде шығарылған өнім көлемі 3,3 пайызға өсті. Өсімнің жоғары қарқынын фармацевтика, дайын металл бұйымдары, машина жасау, оның ішінде автомобильдер және жеңіл өнеркәсіп салаларында орын алған. Негізгі капиталға 8,3 трлн теңге сомасында инвестиция тартылды. Құрылыс секторыда тұрақты қарқынмен дамып келеді.

Дегенмен, Руслан Дәленов іскерлік белсенділікті қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шараларды ескере отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдар бірқатар аспектіге назар аударуы қажет екендігін айтады.

«Инвестициялық жобалар бойынша нысаналы көрсеткішке қол жеткізуді қамтамасыз ету, «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Индустрияландыру» және «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында жобаларды белсенді іске асыру, бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары аясында несиелендіру үшін шағын және орта бизнес жобаларын жедел іріктеу әрі қарастыру, санитарлық нормалар мен бетперде режимін сақтай отырып, бизнес қызметін қамтамасыз ету, ілеуметтік маңызы бар тауарлардың барлық түрлеріне баға мониторингін жүргізу және бағаның өсуін болдырмау бойынша тиісті шаралар қабылдау, экономиканы қолдауға бағытталған бюджет қаражатын тиімді игеру керек», - деді Руслан Дәленов.

Теңгеге қысым қайдан?

Отырыста еліміздің ақша-несие саясатына қатысты баяндама жасаған ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев қыркүйекте теңгенің айырбастау бағамына қандай сыртқы факторлар айтарлықтай қысым жасағанын түсіндіріп берді.

«Биыл қыркүйекте әлемнің жекелеген өңірлерінде коронавирустың қайта өршуі аясында жаһандық экономиканы қалпына келтірудің баяулау тәуекелдерінің өсуіне және соның салдарынан мұнайға сұраныстың әлсіреуіне байланысты мұнай шамамен 10 пайызға арзандады. Мұнай бағасы осы жылғы тамыздан бастап ОПЕК+ мұнай өндіруді шектеу, Сауд Арабиясының мұнай бағасын төмендетуі және Ливиядағы мұнай өндіруді қалпына келтіру қысымында болды», - деді ол.

ҰБ төрағасының айтуынша, 2020 жылғы қыркүйекте дамушы елдердің валюталары коронавируспен ауырғандар санының өсуі аясында әлсіреді. Бұл инвесторлардың тәуекелі бар активтерге деген қызығушылығының төмендеуіне және АҚШ доллары бағамының нығаюына әкелді. Түрік лирасы бір айда 5,2, Ресей рублі – 4,9, Аргентина песосы – 2,7 пайызға әлсіреді. Жалпы алғанда, қыркүйекте дамушы елдер валюталарының индексі 0,4 пайыз ғана қосты. Дамушы елдер валюталарының жалпы динамикасы аясында қазақстандық теңге бір айда АҚШ доллары үшін 420,11 теңгеден 431,81 теңгеге дейін 2,8 пайызға әлсіреді.

«Республикалық бюджеттегі кепілдік берілген трансфертті бөлу аясында Ұлттық қор активтерін конвертациялау және квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюта түсімінің бір бөлігін міндетті түрде сатуы жөніндегі ұзартылған шаралар теңгенің айтарлықтай әлсіреуін шектеді. Осы жылғы қазанның басынан теңгенің АҚШ долларына шаққандағы айырбастау бағамы біртіндеп нығаюда. Биыл 12 қазанда мұнай бағасының бірқалыпты өсуі аясында бір АҚШ доллары үшін 427,83 теңгеге дейін 1 пайызға нығайды», - деді ҰБ төрағасы.

Ерболат Досаевтың дерегінше, осы жылғы қыркүйектің соңында Қазақстанның халықаралық резервтері 3,1 пайызға қысқарып, 91,1 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық банктің алтын валюта резервтері қыркүйек айында негізінен алтын бағасының 4 пайызға төмендеуі есебінен, сондай-ақ Ұлттық банкте орналастырылған банктердің қаражатының қысқаруы аясында 33,8 млрд АҚШ долларына дейін төмендеді. Банк жүйесіндегі депозиттер жыл басынан бері 8,7 пайызға ұлғайып, осы жылғы тамыздың соңында 20,7 трлн теңге болды. Теңгедегі салымдар 12,4 трлн теңгеге дейін 14,2 пайызға, валюталық салымдар 8,3 трлн теңгеге дейін 1,4 пайызға өсті. Нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі 2020 жылғы 8 ай ішінде 40,2 пайызға дейін төмендеді.

Жыл басынан бері экономикаға берілетін кредиттер тамыздың соңында 14,2 трлн теңгеге дейін 2,4 пайызға ұлғайды. Халықтың кредиттері осы жылдың басынан бері 6,9 трлн теңгеге дейін 3,7 пайызға артты. «7-20-25» бағдарламасы бойынша осы жылғы 8 қазанда 280,5 млрд теңгеге 23 935 өтінім, ал Ұлттық банктің «Баспана Хит» нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша 374 млрд теңге сомасына 42 736 өтінім мақұлданды.

Бюджет қаржысын игере алмағандар бар

Ал ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың дерегінше, осы жылдың 9 айының қорытындысында мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 95,5 пайызға атқарылды. Республикалық бюджетке кірістер 3 трлн 853 млрд теңге сомасында түсті немесе жоспар 85,8 пайызға орындалды. Жергілікті бюджеттердің кірістері 118 пайызға атқарылып, 2 трлн 274 млрд теңгені құрады. Жалпы жоспар 348 млрд теңгеге асыра орындалды. Камералдық бақылаумен сомасы 9,1 трлн теңгеге 1,2 млн астам мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша сомасы 726 млрд теңгеге бұзушылықтар ескертілді. 1,4 мың аудиторлық іс-шара өткізілді. Сомасы 177 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. 2016-2020 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспары 93 пайызға орындалды. 2020 жылы 74 нысанды сату жоспарлануда. Оның 40-ы сатылымға шығарылды. Есепті кезеңде сомасы 85,2 млрд теңгеге 5 нысан сатылды. Сауда-саттықта 35 нысан тұр.

Сонымен қатар 9 айдағы мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,5, республикалық бюджеттің шығыстары - 99,8, жергілікті бюджеттердің шығыстары – 99,5 пайызға атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 10 трлн 272 млрд теңгені құрады. 26 млрд теңге атқарылмаған. Оның ішінде үнемдеу – 6 млрд теңге, игерілмегені – 20 млрд теңге. Жергілікті бюджет шығыстары 5,6 трлн теңгені құрады. Бұл орайда өңірлер де 6 млрд теңгені игере алмай отыр. Ірі соманы игере алмаған орталық мемлекеттік органдардың қатарында Мәдениет және спорт министрлігі, Бас прокуратура, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ал өңірлер қатарында Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы бар. Осыған орай Ерұлан Жамаубаев орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар жоспарланған қаражатты ғана емес, сондай-ақ Үкімет резервінен бөлінген ақшаны да игеруді жеделдетуі қажеттігін айтып отыр.

«Яғни, бюджеттік тәртіпті күшейту қажет. Пайдаланылмаған резервтік ақшаны осы жылдың соңына дейін бюджетке қайтаруға тура келеді», - деді ол.

85 мың отбасы баспаналы болды

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов құрылыс саласында нақты көлем индексі 2020 жылдың 9 айында 110,5 пайызды құрағанын айтады. Ол өңірлерде құрылыс-монтаждау жұмыстарын қайта жаңғыртуға байланысты құрылыс көлемін арттыру есебінен қамтамасыз етілген. 16 өңірде оң динамика байқалады. Тұрғын үй құрылысында биылғы 9 ай қорытындысында 9 млн 619 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 109 пайызды құрайды. Республика бойынша барлығы 85 мың 418 баспана пайдалануға берілді. 14 өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі артты.

Жалпы 9 айдың қорытындысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жыл деңгейінде сақталды. 12 өңірде оң нәтиже көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінде нақты көлем индексі 3,3 пайызға өсті. Бұл өсім қағаз өндірісі, металлургия, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, фармацевтика сияқты салалар есебінен болды. Машина жасау саласы жақсы нәтиже көрсетіп, өндіріс 16,6 пайызға артты. Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер 51,6, өзге көлік құралдарын жасау 100,4, электр жабдықтарын жасау 3,5, машиналар мен жабдықтар өндірісі 3 пайызға өсті. Түсті металлургияда нақты көлем индексі 2,2 пайызға артты. Оған тазартылған алтын 3, раффинирленген мыс 8, құйма алтын өндіру 31, түйіршіктердегі күміс 27, бастапқы алюминий 1 пайызға және басқа да көрсеткіштердің өсуі есебінен қол жеткізілді. Қара металлургияда өсім 0,1 пайыз болды. Фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 39,8 пайызға артты. Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 14,1 пайызға өсті.

Коронавирус індетінің көлік саласына теріс әсеріне қарамастан, жекелеген бағыттарда өсім болды. 2020 жылдың қыркүйегінде тасымалданған жолаушылар саны биылғы тамыз айымен салыстырғанда 16,3 пайызға өсті. Әуемен жолаушылар тасымалы 11,5 пайызға артып, 610 мың адамды құрады. «Қытай-Еуропа-Қытай бағытында контейнерлік тасымалдар 2,2 пайызға немесе 1100 жиырма фунттық контейнерге артып, 50 800 жетті. Жүк тасымалы саласында да өсім бар. Атап айтқанда, қыркүйек айында жүк тасымалының жалпы көлемі тамызбен салыстырғанда 0,9 пайызға өсті», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Ауыл шаруашылығында 5 пайыз өсім тіркелді

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, биылғы 9 айдың қорытындысында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5 пайызға артып, 4,4 трлн теңгені құрады. Бұл өсім негізінен өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 7 пайызға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Облыстар бөлінісінде екі өңірде республикалық деңгейден жоғары қарқын байқалды. Мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі аталған кезеңде 2,7 пайызға артып, 1,9 трлн теңгені құрады. Бұл ретте тірі салмақта ет өндіру көлемі 3,8, сүт өндіру көлемі 3 пайызға астамға өсті. Есепті кезеңде тамақ өндіру көлемі 3,5 пайызға артып, 1,4 трлн теңгені құрады. Өңделген күріш өндірісі 54,5, шұжық өнімдері 19,6, сары май 14,2, құс еті 11,4, жарма 10,9, макарон өнімдері 10,9, ұн 7,4, қышқыл сүт өнімдері 5,2, өсімдік майы 0,7 пайызға артқаны байқалды.

«Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 15,1 пайызға ұлғайып, 380 млрд теңгені, азық-түлік өндірісі саласына инвестициялар 17,2 пайызға артып, 64,7 млрд теңгені құрады», - деді ол.

Ішкі нарық бензин және дизель отынымен толық қамтылды

Бүгінгі таңда ішкі нарық елімізде өндірілген мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз етілгенін айтқан ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың сөзіне қарағанда, 9 айда 11,5 млн тонна мұнай өңделді. Одан 3,24 млн тонна бензин, 3,41 млн тонна дизель отыны 308 мың тонна ұшаққа арналған отын алынды.

«Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша мұнай және конденсат өндіру көлемі 64,7 млн тоннаны құрады. Бұл биылғы 9 ай жоспарының 100,5 пайызына тең. Оның ішінде, iрі жобалар бойынша көрсеткіштер жақсы. Теңізде аталған кезеңде 20,2 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл - есепті айдың жоспарының 100,5 пайызы. Қашағанда мұнай өндіру көлемі 11,5 млн тоннаға жеткен. Яғни, қаңтар-қыркүйек айларының жоспары 100 пайыз орындалды. Қарашығанақтың көрсеткіші 9 млн тоннаны құрап отыр. Биыл 9 ай жоспарымен салыстырғанда 102,2 пайыз болды. 52,2 млн тонна мұнай экспортталды», - деді министр.

Оның айтуынша, қаңтар-қыркүйекте 41,6 млрд текше метр көлемінде газ өндірілді. Тауарлық газды ішкі тұтыну көлемі 11,1 млрд текше метрге жетті. Бұл биылғы жылдың 9 айылық жоспарына 100 пайыз тең. Экспортқа шығарылған газ көлемі 10,3 млрд текше метрді құрады. Бұл есепті ай жоспарының 78,6 пайызын құрайды. Газ экспорты көлемінің өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштерінен артта қалуына Қытай Халық Республикасының газ импорты көлемін төмендетуі себеп болып отыр.

Премьер-Министрдің түйін сөзі

Үкімет отырысын қорытынылаған ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің атап өтуінше, 9 айда экономиканың негізгі салаларындағы ккрсеткіштердің орнықты өсу қарқыны жалпы экономиканың қалыпқа келгенінің белгісі болып табылады. Сонымен қатар ол барлық өңір Мемлекет басшысы қойған барлық міндеттерді тиімді іске асыру үшін жұмысты жандандыру қажет екенін баса айтты.

«Жалпы пандемия мен жаһандық экономикалық дағдарыстың елеулі әсеріне қарамастан, Қазақстан экономикасында көрсеткіштердің біртіндеп өскені байқалады. Бюджеттің кіріс бөлігіне қатысты жыл соңына дейін бекітілген жоспарға 100 пайыз қол жеткізу керек. Қазіргідей жағдайда бюджет қаражатын игеру бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары жылдың соңына дейін тиімді игеруді қамтамасыз етуі тиіс. Жыл соңына дейін 3 ай ғана қалды. Сондықтан барлық жобаларды аяқтап, жоспарларды орындауға бүкіл күш-жігерімізді салуымыз қажет», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар