Қазақстан экономикасының жылына 7-8% деңгейіндегі өсімі - бұл нарықтық қалыптасудың нәтижесі - ҚР Премьер-Министрі

Бұл туралы бүгін Астанада «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы: Тәуелсіздіктің 20 жылдығы және жаңа міндеттер» атты экономикалық форум барысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.
Үкімет басшысы бүгінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылында дамудың көптеген кезеңдерінен өткенін, осы орайда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында күрделі белестер еңсерілгенін атап өтті. «90 жылдары негізгі нарықтық реформалар жүргізіліп, бүгіндегі біздің егеменді еліміздің табысты дамуының негізі қалыптасты», деп тоқталып өтті К.Мәсімов.
Бұл тұрғыда ол ел Президенті 2030 жылға дейінгі дамудың ауқымды бағдарламасын бекіткенін және осы орайда негізгі басымдықтар анықталғанын, сондай-ақ осы дамудың аясында Қазақстан алға жылжып, белгіленген мақсаттар орындалғанын ескеріп өтті. «2000-2007 жылдар аралығында экономиканың жылына 7-8 %-дық қарқынды өсімі - бұл нарықтық қалыптасудың және 90 жылдары атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесі» деп нақтылап өтті Үкімет басшысы.
Премьер-Министр өз сөзінде 2007 жылдан басталған әлемдік қаржы дағдарысының бірінші кезеңінде еліміз алдында тұрған қауіп-қатерлер еңсеріліп, Қазақстан жүйесі өзінің тұрақтылығын дәлелдегенін жеткізді. Осының нәтижесінде 2010-2011 жылдардың экономикалық дамуы Қазақстанның экономикалық өсіп-өркендеуінің тұрақты кезеңіне, яғни 7 %-дық өсіміне шығуға мүмкіндік берді. «2010 жылы 7 %-дық өсім болса, 2011 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша біз 7 %-дық өсімді байқадық. Менінше, алдағы екі аптада 11 айдың нәтижесін көретін боламыз. Шамамен, Қазақстан жылына 7%-дық өсіммен өркендеп келеді» деп түйіндеді сөзін К.Мәсімов.
Айта кетейік, экономикалық форум барысында әлемнің және отандық жетекші экономистері баяндама жасайды деп күтілуде. Бұл алқалы жиын екі сессиядан тұрады. Біріншісінде - «Жаһандық әлемдегі Қазақстан» және екінші сессияда «Инвестициялық іскерлік ахуал» тақырыбында экономистер өзекті мәселелерді талқылайды.