Қазақстан ЕҚЫҰ-ға формальды төрағалық етуді емес, Ұйымның дамуына конструктивті серпін беруді қалайды - Б. Байқадамов

СТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан өз тарихындағы аса маңызды қадамдардың бірі болып табылатын ЕҚЫҰ-ға - халықаралық беделді ұйымға төрағалық қызметіне белсенді түрде кірісіп кетті. Өзінің төрағалығы кезіндегі басым бағыттарын да жариялап, ұйымның бұдан арғы даму тағдырына, оның қызметін жетілдіре түсуге қатысты толайым ұсыныстар жасады. Осыған орай, бүгінгі күні Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының жұмысына тың серпін бере ала ма және өзіне көрсетілген үлкен сенімді қалай ақтайды
None
None

деген мәселе тұрғысында үлкен пікірталастар орын алып отырғаны да шындық. Осы мәселе төңірегінде ҚазАқпарат тілшісі «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институтының директоры Болат Байқадамовты әңгімеге тартқан еді.
- Болат Кенжекешұлы, бірқатар БАҚ-та жарияланып, қоғам арасында қызу талқыланып жатқан Мемлекет басшысының «ЕҚЫҰ тағдыры және перспективалары» атты мақаласында аталмыш ұйымның қызметіне қатысты толыққанды сараптама жасалып, оның даму перспективаларына тағы бір мәрте шолу жасалып өткен болатын. Осыған байланысты сіздің көзқарасыңызды білсек деп едік. Мәртебелі ұйымға төрағалық ету барысында Қазақстан өзін қай қырынан танытады деп ойлайсыз?

- Әрине, «ЕҚЫҰ тағдыры және перспективалары» атты мақалада Елбасы ЕҚЫҰ‑ға төрағалық ету барысындағы, яғни биылғы жылы жүзеге асырылуы тиіс барлық міндеттерге кеңінен тоқталған әрі Президент тек Қазақстанның басындағы проблеманы ғана емес, Ванкуверден Владивостокқа дейінгі алып кеңістікте қордаланып қалған проблемаларға көз жүгіртіп отыр. Мемлекет басшысы өз мақаласында Қазақстан осы ұйымның ұстанған қағидаттарын жүзеге асыратынын, яғни ЕҚЫҰ құрылған 1975 жылдан бері қалыптасқан ұйымның дәстүрлі қағидаттарын жалғастыратынын атап өтеді. Бұл ретте Қазақстан ең алдымен кейінгі кезеңдерде пайда болып, аса өзектіге айналған әрі жалпы өңірлердегі қауіпсіздікке қатер төндіретін проблемаларға баса назар аударатыны аңғарылады. Бұндай проблемалардың қатарына бірқатар елдерде орын алып отырған қақтығыстарды жатқызуға болады. Елбасы бұдан бөлек Ауғанстан жағдайына да ерекше тоқталып өтеді. Бұл ретте Н. Назарбаев Ауғанстандағы соғыс қимылдарына және ел экономикасын қалпына келтіруге 43 мемлекеттің қатысып, осы өңірде әрекет етіп отырғанын айтты. Бұдан соң, тек біздің еліміздегі ғана емес, жалпы әлемдегі экология мәселесі де жан-жақты көтеріліп отыр. Тоқтала кететін тағы бір маңызды жайт, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған мемлекеттің Басшысы өз мақаласында Еуропалық қауіпсіздік туралы Келісімді жетілдіру уақытының келгенін алға тартады. Расында да, бұл Келісім жаңа заманға, бүгінгі еуропалық деңгейге сай жаңартуды қажет етеді.

Жалпы, менің ойымша, Елбасы өз мақаласында көтерген һәм ЕҚЫҰ төрағалығы қарсаңында жариялаған барлық ұсыныстар бүгінгі жағдайда үлкен маңызға ие болып отыр. ЕҚЫҰ-ның қамтитын өңірлері тұрғысынан алып қарағанда, шеткері орналасқан әрі еуропалық және азиялық құндылықтарды бірдей бойына сіңіре білген Қазақстанның бұндай өңірлік ұйым өмірінің болашақ дамуына тың серпін бере отырып, жаңа қырынан дамуына септігін тигізуге мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Бұдан басқа, Н. Назарбаев өз сөзінде еліміздің ұйымға төрағалығының Қазақстандағы еуропалық стандарттардың сақталуына да тиімді әсер ететінін атап өтеді. Яғни, мұнда әңгіме заңнамалық жетілу арқылы, құқық қолдану тәжірибелері арқылы, қоғамдық пікір арқылы, саяси құрылымдардың және үкіметтік емес ұйымдардың қызметі, әрекеттері арқылы елімізде демократиялық жаңғыруды жалғастыра түсу жайында болып отыр. Президент бұл тұрғыда бірқатар заңдардың қабылданғанына да назар аудартып, гендерлік даму, балалар құқын қорғау мәселелері бойынша алға жылжушылықтар баршылық екендігіне тоқталған.

Жалпы, Қазақстан ЕҚЫҰ аумағының шығыс бөлігін құрап отыр және аталмыш ұйымға мүше емес Қазақстанның өңірлік көршілерінің тәжірибелері де ұйымға біз арқылы ғана жетеді. Сонымен бір мезгілде, Қазақстан тек шығыс мемлекеті ретінде ғана емес, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымындағы мұсылман әлеміне, түркі әлеміне жататын мемлекет ретінде танылып отыр. Бұнымен қоса, Қазақстан өз тәуелсіздігінен бері батыстың озық тәжірибелерін өз бойына табысты жинақтай білген мемлекет. Сондықтан да, менің ойымша Н. Назарбаевтың ЕҚЫҰ-ға қатысты мақаласының бұдан бұрын да жарыққа шығып жүрген мақалалары секілді үлкен әдістемелік мәні бар әрі ЕҚЫҰ-ға қатысты барлық мәселелерге тың көзқарас қалыптастыруға септігін тигізеді.

- Сіз бүгінгі ЕҚЫҰ жағдайын қалай бағалайсыз? Ұйымның одан әрі дамуы үшін қандай қадамдар қабылдау қажет деп білесіз?

- Ең алдымен бүгінгі күні көптеген саясаткерлер мен мамандар тарапынан айтылып жүргендей, ЕҚЫҰ өңірлік ұйымнан да ауқымды, яғни Еуропаны ғана емес, одан да кең кеңістікті қамтитын ұйым ретінде дамуы керек деп білемін. Осыған байланысты ЕҚЫҰ тәжірибесі бірегей екендігін және бұл тәжірибені басқа өңірлерде де тиімді пайдалануға болатынын әрі солай болуы тиістігін де атап өткім келеді. Дегенмен, ЕҚЫҰ белгілі бір өлшеммен қарағанда консервативті ұйым болып табылады және өткен ғасырдың 70-80 жылдары ұйым үшін әсерлі болған қағидаттардың қазіргі заманда тиімділігі төмендегені де рас. Өйткені, бұндай қағидаттар мен құндылықтар ұзақ жылдар бойы заман ағымына сай жаңартылып отырған жоқ, күші, әсері жойыла бастады. Тіпті, бұндай қағидаттар жаңадан пайда болып жатқан қауіп-қатерлерге кез-келген уақытта жауап бере алмайтыны белгілі болып отыр. Сондықтан да, бүгінгі күні аталмыш ұйымды жаңғырту туралы мәселе орынды көтеріліп жүр деп ойлаймын. Сол үшін де қазіргі таңда еуропалық және басқа да құрлықтық өңірлерде тиімді нәтиже беретін жаңа тетіктерді әзірлеудің қажеттілігі туып отыр. Мәселен, егер Азияны алып қараңыз, сол секілді ұлы қытай мәдениетін, үнді мәдениеті мен түркі немесе мұсылман әлемінің жағдайын алып қараңыз, бұнда байырғы өркениеттілік басым әрі олардың мәнін, мазмұнын жоққа шығаруға тіпті де болмайды. Бұл ретте қолданылатын тетіктер синтездесе қалыптасуы және барлық мәдени құндылықтарды есепке ала отырып жүзеге асқаны жөн. Бұндай қадам қоғам үшін де, жекелеген азаматтар үшін де оқып үйрену мүмкіндіктерін, медицина мен ғылымның заманауи жетістіктерін пайдалану мүмкіндіктерін кеңейте түсетіні айқын. Жалпы, мұндай көпжақты ынтымақтастықтан ұйымға мүше мемлекеттердің барлығы ұтары сөзсіз. Ал жаһандық аспектідегі мұндай мәселені ЕҚЫҰ-ға төрағалық етушілер арасынан алғаш рет Қазақстан көтеріп отырғаны белгілі.

- Жалпы аталған ұйымға Қазақстанның төрағалық етуінің өзі, ЕҚЫҰ-ның бірыңғайлануға қарай икемделіп отырғанын көрсетпей ме?

- Әрине, ЕҚЫҰ бұл тұрғыдан шығу жолдарын бүгінгі күні ғана қолға алып отырмағаны белгілі, бұл бұрыннан қарастырылып келе жатқан дүние. Ұйым мүшелері осыдан біраз жылдар бұрын да бірқатар қағидаттардың, тетіктердің тиімділігі төмендегенін байқаған. Осы тұрғыдан алғанда Еуропа ЕҚЫҰ шеңберінде жаңа мемлекеттермен, оның ішінде бұрынғы Кеңес одағы мемлекеттерімен жақын араласуға ниеттеніп, мүмкіндік жасап отырғаны кездейсоқтық жайт емес. Дегенмен, бұның өзі Қазақстанның және басқа да мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени даму жетістіктерін көрсетеді, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің де өзіндік құнды «қорларға» ие екендігін, өзіндік бірегей тәжірибесі бар екендігін білдіреді. Сонымен бірге, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге қатысты кандидатурасы ұсынылғанда, еуропалық мемлекеттердің бұған түсіністікпен қарауы әрі олардың басым көпшілігі осы идеяны сөзсіз қолдай жөнелгенін де кездейсоқтық деп қарауға келмейді. Еуропадағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымына жетекшілік ету фактісінің өзі осы ұйымның қызметі түрлене түскендігін көрсетеді. ЕҚЫҰ - бұл саяси ұйым және сондықтан да осы бағыттағы қарқыны үдей түсуі қажет. Расында, бұндай қарқын соңғы 10-20 жыл бойы ЕҚЫҰ кеңістігінде пайда болып, қордаланып қалған проблемаларды шешуге келгенде ширақтық көрсете алмай келді. КСРО құлаған кезеңде көптеген проблемалар туындағаны және ондай проблемалардың Еуропаның ғана проблемасы еместігі белгілі болатын. Сондықтан да, ЕҚЫҰ қолданып келген тәжірибелер жиынтығы қашан да жемісті нәтижелер бере бермейтіні байқалды. Бұл ретте «батыс» өзіне толық жауапкершілік ала отырып, ЕҚЫҰ қызметі мен саясаты үшін жаңа қалып енгізе алатын мемлекеттерге көз тікті десе де болады және Қазақстан осындай мәртебелі ұйымның төрағалығына кездейсоқ жайғасқан жоқ дегім келеді. Бұл біздің республикамыздың ұйымның өңірлік басшысы ретіндегі ғаламдық деңгейде жұмыс істеуге ұмтылысын ғана емес, ЕҚЫҰ басшылары мен оның қатысушыларының жаңа идеяны тарту ниетінің екіжақты ұмтылысын білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан қашанда табысты әрі бастамашыл ел болып қалып отыр.

- Сіз қалай ойлайсыз, ағымдағы жылға жоспарланған ЕҚЫҰ қатысушы мемлекеттер басшыларының саммиті ұйымды дамытудың жаңа нышаны бола ала ма?

- Бұны уақыт көрсетеді. Дегенмен, ЕҚЫҰ қамқорлығымен, қолдауымен өткізілетін кез келген ірі форум - бұл өз мәнін жоғалтпайтын кездесулер түріне айналатыны сөзсіз. Менің ойымша, бұндай жүздесулер ұзақ жылдар бойы қордаланып келген проблемаларды шешудің әмбебап тетіктері арқылы оны қайта құрылымдауға жол ашады. Сондықтан да, шын мәнінде ЕҚЫҰ саммиті әзірше жеткілікті түрде шешімін таппай отырған мәселелерге қатысты тиімді әдістерді қолдану тұрғысынан ұйымға тың серпін беруі әбден мүмкін. Ондай проблемалар туралы айтып өттік - бұл күрмеуі қиын қақтығыстар және адам құқы мен бостандығын сақтау проблемалары, экология және экономикалық қауіпсіздікке қатысты проблемалар және басқалар. Менің пайымдауымша, бұндай негізгі мәселелердің қатарында ЕҚЫҰ-ны жаңарту мәселесі де орынды көтеріліп отыр. Оның үстіне бұндай жаңа қадам тек бүгінгі күннің ғана өзекті мәселесі болып қалып қоймайды. Жалпы, Қазақстан үшін алқалы да абыройлы топтың басын қосып, саммит өткізбей-ақ, төрағалықты әдеттегіден аспай аяқтап, бұндай басқаруды келесі елге өткізіп беруіне де болатын еді. Бірақ Қазақстан Ұйымға формальды түрде төрағалық етуді қаламайды, Қазақстан ЕҚЫҰ дамуы үшін конструктивті күш бергісі келетінін, осы ұйымның жүйелі және терең жаңаруына бастау бола алатын серпінді күш бергісі келетінін көрсетіп отыр.

Соңғы жаңалықтар