Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалықты өте табысты атқарып жатыр - Түркия Президенті Абдолла Гүл
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өңірлік мәселелерге тоқталатын болсақ, келіссөздерде біздің өңірлерге қатысты көп мәселені талқыға салдық. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ-ға төрағалықты Қазақстан өте табысты атқарып жатқанын атап өткім келеді. Бұл төрағалықты ЕҚЫҰ-ның барша мемлекеттері құрметтейді», деді А. Гүл.
Сондай-ақ Түркия Президенті 2010 жылы Қазақстанда өткізуге жоспарланып отырған ЕҚЫҰ саммитінің өте жақсы бастама екенін, сондай-ақ бұл шараға Түркия тарапы қолдау көрсететінін жеткізді. А. Гүл ЕҚЫҰ саммиті Ыстамбұлда бұған дейін табысты өткенін және 2010 жылы Қазақстандағы бұл саммит өте жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.
Мұнымен қоса, Түркия басшысы Азия кеңесі Қазақстанның бастамасымен құрылғанын айта келе, бұл ұйымға келесі төрағалық тізгінін Түркия алатынын айтып өтті. «Қазақстанның алда, 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуі өте маңызды жағдай», деді А. Гүл.
«Біздің ортақ ынта-жігеріміз арқылы мәселелердің шешілетініне сенімдімін. Сондықтан бұл сапар өте маңызды», деді А. Гүл.