Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығына кірісті

Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығына бел шешіп кірісіп те кетті. Бүгін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Австрия Республикасына сапармен келді. Сапар барысында ЕҚЫҰ төрағасының Австрия Республикасының федеральдық президенті Хайнц Х.Фишермен, еуропалық және халықаралық істер жөніндегі федеральдық министрі Михаэль Шпинделеггермен кездесулері жоспарланған.
Қ.Саудабаев сондай-ақ ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандық жол» кітабының австриялық басылымының таныстырылымында сөз сөйлемек. Төраға сонымен бірге Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығына кірісуіне орай берілетін қазақстандық өнер шеберлерінің гала-концертіне және қазақстандық төрағалықтың атынан өткізілетін ресми қабылдауға қатысады.
Ұйымның қазіргі басшысы ретінде Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ Төрағалық кеңесінің арнайы мәжілісіне және төрағаның ЕҚЫҰ институттары жетекшілерімен жыл сайынғы кездесуіне қатысады. ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбомен, нәсілшілдікпен, ксенофобиямен және христиандарға қатысты кемсітушіліктің басқа да түрлерімен күресу жөніндегі жеке өкіл Марио Мауромен, ұйым басшысының сайлау мәселелері жөніндегі өкілдерімен, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының толеранттылық және кемсітпеушілік мәселелері жөніндегі жеке өкілдерімен, Бюро директоры Янез Ленарчичпен кездеседі деп күтілуде.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық - ТМД елдерінен және мұсылман жұртының арасынан алғаш рет бізге сеніп тапсырылып отыр. Мұның өзі, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы, сарабдал басшылығымен тәуелсіздігіміздің 18 жылында еліміздің халықаралық аренада беделі арта түскендігінің, еліміздегі тұрақтылық пен өркендеудің зор айғағы.
Енді, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының тарихына аз-кем шолу жасап өтейік. Бүгінде құрамына 56 мемлекет еніп отырған осы халықаралық ұйым Солтүстік Американың, Еуропаның, Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азияның көптеген мемлекеттерінің басын қосқан ірі өңірлік құрылым болып табылады. Оның жауапкершілік аймағы үш құрлықтың ауқымды аймағын қамтып, Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістіктің аралығында созылып жатыр.
Аталмыш ұйым тарихының бастауы 1970 жылдардың бас кезінен, яғни, НАТО мен социализм елдерінің арасындағы диалог үдерісін жеделдеткен 1968 жылғы Чехословакиядағы оқиғалардан кейін басталды. 1970 жылдардың бірінші жартысында өткізілген бейтарап Хельсинки мен Женевадағы көптеген келіссөздерде ынтымақтастық ахуалы біртіндеп идеологиялық күресті ығыстыра түсуіне ықпал етті. 1975 жылы Шығыс пен Батыстың арасындағы диалогты жолға қою мақсатымен Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық кеңесі деп аталатын көптарапты форум шақырылды. Онда қабылданған Хельсинки қорытынды актісі (яғни «Хельсинки диалогы») мемлекеттердің арасындағы қатынастардың принциптерін айқындап берді, сондай-ақ бірқатар салаларда ынтымақтастықты дамытудың нақты қадамдарын белгіледі. 1964 жылғы Будапешт саммитінде Кеңес Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) деп аталатын жаңа мәртебесіне ие болды. ЕҚЫҰ бүгінде еуроатланттық және еуразиялық қауіпсіздік архитектурасының маңызды бөлігі болып табылады.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ға 1992 жылдан бері тұрақты мүше болып келеді. Әлемдік державалар мен беделді халықаралық ұйымдардың, оның ішінде ЕҚЫҰ-ның Қазақстанның саяси және экономикалық дамуына кезінде зор қолдау көрсеткенін айтпай кетуге болмайды. 1992 жылдардағы еліміздегі жағдайдың қандай болғаны белгілі. Кеңестік жүйе құлағаннан кейін өз алдына түтын түтетіп, дербес шаңырақ құрған бұрынғы кеңестік республикалар өз проблемаларымен бетпе-бет жеке қалды. Бұрынғы экономикалық байланыстар үзілді, соның ішінде Одақ тұсында шикізаттық база болып келген, индустриясы орталыққа бағынған Қазақстан бәрін де тың жерден басынан бастауға тиіс болды. Кейбір сәуегейлер Қазақстанның өз алдына өмір сүруіне күмәнмен қарады. Осындай жағдайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көрегендік саясатының арқасында нарықтық экономиканың негіздері қаланып, «әуелі экономика, содан кейін - саясат» ұстанымымен көшімізді түзей бастадық, мемлекеттіктің негізгі атрибуттары жасалды, елімізде ішкі тұрақтылықты сақтау арқылы саяси жүйе дамуының демократиялық векторы орнықты, БҰҰ-ға мүше болдық, Сол тұста әртүрлі ұлтаралық кикілжіңдерге бой алдырған кейбір жас мемлекеттердің талай қиыншылықтарға ұшырағаны баршаға мәлім. Қазақстан сол кездің өзінде әлемдегі төртінші ядролық әлеуетінен бас тартып, Семейдегі полигонын жауып, АҚШ, Ресей, Қытай сияқты іргелі елдердің қолдауына ие болып, жасампаздық істерге білек сыбана кірісті және өзінің бейбітшіл саясатымен, ішкі тұрақтылығымен тікелей шетелдік инвестициялар ағынын өзіне қарай бұра білді.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен қарым-қатынастарын бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Алғашқысы - 1994-1997 жылдар, бұл - ықпалдасу іргетасының қаланған кезеңі. Мұндағы елеулі оқиға 1995 жылы Вена қаласында Қазақстанның тұрақты өкілдігінің ашылуы болды.
1998 жылғы желтоқсанның 2-3-і күндері ЕҚЫҰ мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасында өзара түсіністік туралы, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен ЕҚЫҰ/БДИПЧ арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды. 1999 жылғы қаңтарда Алматыда ЕҚЫҰ-ның орталығы ашылды. Ал 2008 жылғы маусым айынан бастап Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығын А.Кельчевски (Франция) басқарады.
ЕҚЫҰ-ға мүше болған жылдар ішінде Қазақстан осы құрылыммен оның барлық қызметінің саласы бойынша өзара қарым-қатынастарын жоғары деңгейге жеткізді. БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі Өкілінің кеңсесі, Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы Комиссар кеңсесі және Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро тәрізді Ұйым институттарымен сындарлы байланыстар орнаған.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету туралы ниетін Қазақстан 2003 жылы білдірген болатын. Осы ниетке Елбасының 2005 жылғы "Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңғыру жолында" атты халыққа Жолдауында арнайы екпін берілді.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне 2005 жылы Қазан қаласында ТМД басшыларының саммитінде қолдау көрсетілді, Ұйымның көптеген елдерімен қарым-қатынастар барысында осы идеяны ілгерілету жөнінде көптеген шаралар дәйекті жүргізілді.
Қазақстан осынау халықаралық ұйымға төрағалық ету ниетін білдіре отырып, оған әзірлік барысында көптеген саяси шешімдерді қабылдады, өзінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында көптеген белестерден өтті. Бір кездері халықаралық ұйымдардың белсенді қолдауына ие болған еліміз оны маңызды істермен айшықтап, өзі де әлемдік ауқымда өнеге көрсететін жағымды бастамаларымен байыта түсті. Ең алдымен ЕҚЫҰ ұсыныстарына сәйкес елде кең ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылды. Оның ішінде 2007 жылы жүргізілген Конституциялық реформалардың маңызы үлкен. Соның нәтижесінде елімізде саяси партиялар туралы», сайлау туралы, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, Парламенттің және жергілікті мәслихаттардың рөлі анағұрлым арттырылды, Қазақстан президенттік республикадан президенттік-парламенттік республика айналды, халық пен билік арасындағы көпір тәрізді үкіметтік емес ұй ымдардың рөліне маңыз берілді. Қазақстандағы тұрақтылық пен дамудың маңызды институттарының бірі - Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесі ұлғайып, оның 9 өкілі ҚР Парламенті Мәжілісінен орын алды. Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен татулықтың бірегей тәжірибесі әлем елдеріне үлгі-өнеге ретінде таратыла бастады. Жақында 2009-2012 жылдарға арналған Адам құқықтары саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспары және 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданды, соның нәтижесінде қазақстандық заңнамалар халықаралық стандарттарға едәуір жақындай түсті. Таяудағы уақыттарда біз әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері, тұрмыстық зомбылыққа қарсы тұру туралы заңдар қабылдап, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаға түзету енгізбекпіз. Қазақстанның демократияландыру саласындағы одан әрі қадамдары толық көлемінде ЕҚЫҰ төрағалығы ауқымындағы мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келетін болуы тиіс деген міндеттемелер алып отырмыз.
Тағы бір елеулі мәселе - Қазақстанда Әлемдік дәстүрлі діндер басшыларының үш съезі өткізіліп, еліміз «өркениеттер диалогын», Батыс пен Шығыстың үнқатысуын өрістетуге үн қосты. Мұсылман әлемі мен Батыс елдерінің саяси көшбасшылары арасындағы диалогты ұйымдастыру туралы Қазақстанның бастамасы да халықаралық қауымдастықта жоғары бағаланды және біздің шетелдік әріптестеріміздің толық қолдауына ие болды. Астанада 2008 жылғы қазанның 17-сінде өткізілген «Ортақ әлем: әралуандық арқылы прогреске» конференциясына қатысушылардың жоғары деңгейі осының нақты дәлелі болып табылады. ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа әзірлік кезінде Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы Еуроодақ елдерімен ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге бастаған сындарлы қадам болды. Бүгінде осы бағдарламаның арқасында Қазақстанның еуропа елдерімен әлеуметтік-саяси ықпалдасуы, гуманитарлық ынтымақтастығы жаңа арнаға түсті. Қазақстан әлемдегі ауқымы жағынан төртінші ядролық арсеналынан бас тарта отырып, «ядролық қарудан азат әлемге қадам басу қажеттігі» жөнінде адамзатқа әлденеше рет үндеу тастады. Сонымен қатар бүгінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың» тиімділігін нығайту бағытындағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында сөйлеген сөзі әлем назарын аударып отыр. Бүгінгі күндері Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы Шарттың мүмкіншілігінше тез арада күшіне енуін және ыдырайтын ядролық материалдар өндірісіне тыйым салу жөніндегі шартты әзірлеу жөніндегі ұсыныстарын әлемдік саясаттың күн тәртібіне қойып отыр. Елбасының ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі жаңа бастамаларының қатарына тамыздың 29-ын Ядролық қарудан азат әлем жолындағы халықаралық күн етіп жариялау және ядролық қаруды таратпау туралы жаңа әмбебап шартты әзірлеу идеясын жатқызуға болады. Сондай-ақ Қазақстан Президентінің Атом энергиясы жөніндегі халықаралық ұйымның (МАГАТЭ) бақылауымен Халықаралық ядролық банкі құрылған жағдайда Қазақстан уран өндіретін жетекші ел ретінде оны өзінің аумағында орналастыру мүмкіндігін қарастыра алатынын мәлімдеуін де осы бейбітшіл саясаттың логикалық жалғасы деп қарастыруға болады. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төралық ету барысында көптеген маңызды мәселелерді алға тартып отыр. Айталық. Еліміздің осы Ұйым шеңберінде Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті нығайту, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру сияқты алға қойып отырған жоспарлары бар. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы шеңберіндегі жоспарларының негізгі нобайы қаңтар айының ортасына қарай нақтыланып жарияланатын болады.
2010 жылы Қазақстан бүкіл әлем алдында тұрған ортақ қауіптер мен қатерлерге байланысты мәселелерді шешу үшін Ұйымның тиімді саяси диалог тұғырнамасының маңызды рөлін атқаруды жалғастыруға барлық күш-жігерін жұмсауға бекініп отыр. Осы мәселенің маңызын түсінген Президент Н.Назарбаев Хельсинки қорытынды актісіне қол қойылғанына 35 жыл, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 65 жыл, жаңа Еуропа үшін Париж хартиясына 20 жыл толуына орай Астанада ЕҚЫҰ саммитін ұйымдастыруға ұсыныс жасады. Сондай-ақ 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ауқымында азаматтық өлшемдер жөніндегі негізгі құжат - Копенгаген құжатының 20 жылдығына арналған конференция өткізуге ерекше назар аударуда. Бүгінде, Ыстамбұлдағы жоғары деңгейдегі кездесуден кейін 10 жыл өткен соң бүгінгі қатерлерге жоғары деңгейде тиісті баға берілуі және Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікте қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ынтымақтастық жөніндегі ЕҚЫҰ-ның таяудағы перспективадағы басымдықтарын белгілейтін сәт туды.
Қазақстан ЕҚЫҰ мемлекеттерінің бұрынғы төрағаларының дәстүрлерін жалғастыра отырып, Ұйым кеңістігіндегі экологиялық қауіпсіздік проблемасы аса маңызды болып қалып отырғанына алаңдаушылық білдіреді, олардың арасындағы ең қатерлісі - Арал теңізінің қасіреті және бұл орайда Ұйым осы проблеманы шешу үшін өзінің әлеуетін толығымен пайдалануы тиіс, деп санайды. Сондай-ақ ЕҚЫҰ ауқымында барлық мүдделі тараптардың ұстанымдарын, сондай-ақ энергетикалық держава ретіндегі Қазақстанның қомақты әлеуетін ескере отырып, энергетика қауіпсіздігі проблемасы бойынша диалогты жалғастыру қажет екендігіне назар аударады.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету алдыңғы қатарлы меммлекеттердің бірі ретінде Қазақстанның беделі арта түсуіне жол ашатын, іскерлік және қоғамдық топтар арқылы халықаралық қаржы және экономикалық құрылымдардың өңірдегі тұрақтылық негізі болып табылатын біздің мемлекетімізге деген сенімін арттыратын маңызы саяси оқиға болмақ. Бұл міндеттерді жүзеге асыру басқа да көптарапты ұйымдар аясында, екіжақты қатынастар форматында біздің позициямызды нығайтатын болады, отандық дипломатиялық қызмет пен мемлекеттік қызметтің кәсіби деңгейін көтереді.
Халықаралық беделді ұйымға төрағалық ету еліміз ішіндегі қоғамдық-саяси ахуалды да нығайта түсетін болады. Халқымыздың арасында қоғамдық-құқықтық реформаларға және өмір сүру стандарттарын көтеруге деген мүдделілік бар. Мәдениет, білім, медицина, кәсіби дағдылардың деңгейін арттыру арқылы Еуропада орнығып үлгерген алдыңғы қатарлы стандарттарға жақындауымызға, еліміз азаматтарының өмір сапасын жақсарта түсуімізге мол мүмкіндіктер де ашылмақ.