Қазақстан елтаңбасының авторы ШҚО мектеп оқушыларын оның тарихымен хабардар етті

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы мемлекеттік елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков Шығыс Қазақстанның Оқушылар шығармашылық сарайында елтаңбаның пайда болу тарихын баяндап берді.
None
None

Оның айтуынша, мемлекеттік рәміздер - тәуелсіздігіміздің белгісі, халық тарихына деген ерекше құрмет.

«Елтаңба макетін дайындауға 3 ай берілді. Алайда бірден кіріспегенім рас. Ол кезде Ташкентте болатынмын. Бірақ ел патриоты, сәулетші ретінде сырт қала алмадым. Әрине, өз күшімді сынап та көрмек болдым. Ең бастысы, біздің елде де философия, өзіндік мәдениет, өз тарихымыз бар екенін көрсеткім келді», деп ойын бөлісті Ж. Мәлібеков.

Бірнеше макеттер болды, соның бірі ғана таңдалды. Оның негізіне киіз үй салынды: «Қазақта «Шаңырағың биік болсын» деген сөз бар, біз үшін бұл өте маңызды. Қазақтың киіз үйінің бірегей, теңдесі жоқ, ерекше туынды екендігі шындық. Сондықтан елтаңбаның тап ортасына киіз үйдің шаңырағын орналастырдық, - деді рәміз авторы.

Жас ұрпақ өкілдерімен кездесу барысында Ж. Мәлібеков туындысының әр элементінің мәніне тоқталып өтті. Жас патриоттар әңгімелесуден ерекше әсер алды. Жүздесу соңында оқушы Дана Сайлаубекова мерекеге, осы естелік кешке арнап шығарған өлеңін оқыды, делінген облыс әкімінің ақпарат орталығының хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар