16:38, 10 Шілде 2013 | GMT +5
Қазақстан ең үлгілі жанұяны анықтайды
АСТАНА. 10 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанда ең үлгілі жанұя анықталатын болады. Бұл туралы бүгін Астана-Мәскеу-Киев-Кишенев-Ереван бейнекөпірі кезінде ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта «Мерейлі отбасы» деген жаңа конкурсты ұйымдастыру жоспарланған. «Сол кезде біз республика бойынша бетке ұстар үлгілі жанұяларды анықтайтын боламыз», - дейді Г. Әбдіхалықова.
ҚР Президентінің кеңесшісі атап көрсеткендей, бүгінде Қазақстанда отбасы мәртебесін көтеру мақсатында сан алуан насихат жұмыстары атқарылып келеді. Ал биыл қыркүйектің екінші жексенбісінде алғаш рет Отбасы күні мерекесі аталып өтпек.