Қазақстан энергетика саласын Өзбекстан және Қырғызстанмен бірлесе дамытпақ

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ташкентте Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан су-энергетикалық ведомстволарының басшылары үшжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Энергетика
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Қазақстандық делегацияны бастап келген ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев кездесу барысында Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйесін дамыту ұсыныстары қаралғанын айтты.

«Басқосу барысында күзгі-қысқы кезеңдердегі энергетикалық жүйелерге түсетін жоғары жүктеме, жаңа су электр станцияларын салу, Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйелерін дамыту мәселелері талқыланды. Оның нәтижесі бойынша бірнеше маңызды шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, апатты жағдайлар туындай қалғанда өзара ынтымақтастықа көмек көрсету және ол үшін резервтік көздерді жасақтау тетіктері пысықталды», - деп мәлім етті Алмасадам Сәтқалиев Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Сондай-ақ тараптар былтыр өздеріне міндеттелген электр энергиясын жеткізу мен оны өндіруге жұмсалған су көлеміне қатысты жоспарлардың қаншалықты орындалғанын да баяндады.

«Былтыр Қазақстан қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында Қырғызстанға жеткізуі тиіс болған электр энергиясының жоспарын 108 пайызға орындады. Міндеттемеге сай, еліміз қырғыз тарапына қыркүйектен сәуірдің соңына дейін 1,5 млрд кВт/сағ электр энергиясын жеткізуі керек. Бүгінде қыркүйек-қаңтар аралығында межелі көлемнің 96 пайызын қамтып үлгердік. Енді ақпан-наурызда жетіспей қалған 4 пайыз бөлігін жабуды көздеп отырмыз. Мұнымен қатар үстіміздегі жылдың жоспары бекітілді. Оған сәйкес, Қазақстан Қырғызстанға 1,6 млрд кВт/сағ электр энергиясын жеткізеді», - деді «KEGOC» АҚ Жүйелік қызметтер және ұлттық электр торабын дамыту жөніндегі басқарушы директоры Нұржан Керімқұлов.

Мәлім болғандай, ведомство басшыларының келесі кездесуі су электр станцияларын салу тақырыбына арналмақ. Онда тараптар Қырғызстан аумағында салынып жатқан Қамбар ата станциясының жай-күйін талқылайды.

Соңғы жаңалықтар