Қазақстан энергетика саласының қабілеттілігін арттыруға баса мән береді
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Kazakhstan Energy Week — 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы қатысушылары мен қонақтарына арнайы үндеу жолдады. Үндеуді Премьер-министр Олжас Бектенов жария етті.

— Бұл — беделді сарапшылар мен білікті мамандардың энергетика саласындағы өзекті мәселелерді талқылайтын алқалы жиыны. Қазір жаңа тарихи кезең басталды. Түбегейлі өзгерістер энергетика секторына да әсерін тигізіп жатыр. Жаһандық сын-қатерлер көбейіп, халықаралық қатынастағы дағдарыстың күшеюі, қалыптасқан логистиканың бұзылуы салдарынан әлемдегі ахуал күрделене түсті. Осы алмағайып кезеңде тиімді ықпалдастықтың жаңа тәсілдерін табу баршаның ортақ міндеті, — деді Президент үндеуінде.
Мемлекет басшысы экономика, ғылым, білім, инновация, озық технология сияқты стратегиялық маңызы бар салалардың дамуы қуаты көздерінің қолжетімді болуына тікелей байланысты екеніне назар аудартты.
— Сондықтан біз еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен дербестігін нығайта түсу үшін ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Осы маңызды іске халықаралық серіктестеріміз зор үлес қосып келеді. Қазақстан энергетика саласына инвестиция тартуға, оның қабілеттілігін арттыруға баса мән береді. Бұл тұрғыдан алғанда еліміз жауапкершілігі жоғары орта держава ретінде БҰҰ, ШЫҰ, МАГАТЭ, ОПЕК сияқты беделді халықаралық ұйымдармен байланысын бекемдей түсуге және жарқын болашақ үшін бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі. Форум аясында энергетика саласын өркендетуге жол ашатын тың идеялар мен жасампаз бастамалар ұсынылады деп сенемін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, форумға Қазақстан Үкіметінің мүшелерімен қатар, Орталық Азия елдерінің ресми делегациялары, халықаралық ұйымдардың басшылары, әлемдік және ұлттық энергетикалық компаниялардың топ-менеджерлері, жетекші сарапшылар мен ғылыми орта өкілдері қатысып жатыр. KEW-2025 бүгінде энергетика саласындағы ең өзекті мәселелерді талқылап, жаңа шешімдер ұсынатын әрі өңірлік және жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін маңызды халықаралық алаң ретінде ерекшеленіп отыр.
Биылғы іс-шараға 50-ден астам мемлекеттен 2,5 мыңнан астам делегат пен 300-ден астам ірі компанияның өкілдері жиналды.