Қазақстан энергетикалық қауіпсіздікке қол жеткізе ала ма

АСТАНА. KAZINFORM – Президенттің өткен жылғы Жолдауында энергетикалық қауіпсіздік мәселесі көп айтылды. Жаңа кен орындарын барлау, электр энергиясының үздіксіз берілуі, халықты газбен қамтуға қатысты біршама тапсырма берілгенін білеміз. Kazinform тілшісі тұп-тура бір жылда қандай нәтижеге қол жеткізгенімізді талдап, тақырыпты сарапшылар пікірімен сабақтастыра тарқатып көрді.

Энергетика
Коллаж: Kazinform / Freepik

Жаңа жобалар энергетикалық қауіпсіздіктің кепілі емес

Қазір энергия тапшылығы күшейіп келеді. Қолда бар ресурсты тиімді пайдаланбасақ, кәсіпорын мен коммуналдық шаруашылық саласында айтарлықтай келеңсіздікке ұшырасуымыз мүмкін. Сондықтан Президент Жолдауда негізгі инфрақұрылымды энергетика бағытынан бастау керегін баса айтқан еді.

Содан бері Үкімет миллиардтап қаржы бөліп, ондаған инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Жұмыс істеп тұрған стансаларды жаңғырту, энергия өндіретін жаңа қондырғылар салу, тіпті гидро және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ниетті.

Жалпы 2023-2024 жылдары 1,3 гигаватт жаңа электр қуаты іске қосылғаны еді. Биыл тағы 621,5 мегаватт енгізу процесі жүріп жатыр, ал келер жылы 2 648,5 мегаватт жоспарланған. Осы арқылы алдағы бес жылда кемінде 14 гигаватт энергия өндіретін жаңа қуат көздерін іске қосу көзделіп отыр.

Осы орайда басты сұрақ туындайды: Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымы мұндай жүктемеге дайын ба? PACE Analytics компаниясының директоры Асқар Исмаиловтың айтуынша, ауқымды жобаларға байыппен қарау керек, өйткені билік жоспары мен шынайы жағдай екі түрлі.

Аскар Исмаилов
Фото: Kazinform

– Мойындау керек, 14 ГВт – күрделі меже. Олай дейтініміз, елдегі белгіленген электр қуатының көлемі 24 гигаватт шамасында, демек, үш есе өсім болады деген сөз. Егер ЖЭК, газ генерациясы мен гидроэнергетика жобалары кідіріссіз қаржыландырылса және уақытылы аяқталса, онда бұл мақсатқа сенуге негіз бар. 

Алайда басқа мәселе маңызды, ол – инфрақұрылым. Бүгінде елдегі электр желілері артық жүктемемен жұмыс істеп тұр. Оларды жаппай жаңғыртпасақ, жаңа станциялар тоқтап немесе бар мүмкіндігін толық пайдалана алмауы ғажап емес. Электр энергиясын тұтыну көлемі жылына 2-3 пайыз өседі, 14 ГВт сұранысты толық жабатынына дау жоқ. Дей тұрғанмен, апатты жағдайдағы және тозығы жеткен желілердің мәселесі шешілмесе, нәтиже шамалы, – дейді сарапшы.

Аталған пікірмен келіспеу мүмкін емес. Мысалы, елде электр энергиясын өндіретін 55 ұйым жұмыс істейді, оның 19 станциясының тозу деңгейі 65%-дан асады.

Сонымен қатар электр энергиясымен қамтамасыз ететін бірден-бір құрылым – ЖЭО-лардың жай-күйі алаңдатарлық. ЖЭО-лардың орташа тозуы 61%-дан түспей тұр. Қазір «қызыл» аймақта – 10, «сары» аймақта – 17, «жасыл» аймақта – 10 ЖЭО бар.

Биыл 10 энергоблок, 63 қазандық және 39 турбина күрделі жөндеуден өтпек, алайда сарапшылар жөндеу жұмысы тозу деңгейін 50%-ға азайтатынына күмәнмен қарайды.

ЖЭО
Инфографика: Kazinform

– Қауіпті белгі десек артық емес. 25-тен астам ЖЭО іс жүзінде ресурсының шегінде жұмыс істеп отыр. Көмір стансаларының іске қосылғанына шамамен 55 жыл болған, кейбірінде құрылғылардың 80%-ы тозған. Осының бәрі саладағы апаттың көбеюіне, қыс мезгілінде жылудан ақау шығуына түрткі болуда. 

Оның үстіне институционалдық ортада да шешілмеген түйін бар. Нарық қуаты мен тариф саясаты салаға инвесторлардың келуін кешеуілдетіп отыр. Қысқаша айтсақ, тариф төмендеген сайын модернизация жұмысы қиындай бермек, – дейді Асқар Исмаилов.

Өндірістен тұтыну көлемі көп

Өткен жылы Жолдаудан кейін «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді. Жоба аясында ТКШ инфрақұрылымын жөндеу үшін ұзақмерзімді қаржыландыру басталған болатын. Үкімет 200-ден астам инфрақұрылымдық компанияны тарту арқылы нысандардың тозу деңгейін 40%-ға, апат көрсеткішін 27%-ға дейін төмендету міндетін қойған. Содан бері 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңғыртуға 6,8 трлн теңге инвестиция тартылған еді:

· 1,6 мың шақырым – жылу желілері;

· 77,6 мың шақырым электр желілері;

· 4,7 мың шақырым су құбыры желілері;

· 2,6 мың шақырым кәріз желілері кірген.

Мұның барлығы алдағы келеңсіздіктің алдын алу ісі емес, қазіргі олқылықты шешу амалы. Себебі біз өндірген электр қуатынан көп тұтынамыз. Яғни, электр энергиясын өндіру көлемі – 113 млрд кВт/сағ, ал тұтыну көлемі – 115 млрд кВт/сағ.

Арадағы алшақтықты жою үшін электр қуатын өндірудің жаңа көзін іздеу маңызға айналды. Қазір Ұлттық жоба аясында электр станцияларын салу және жөндеуге 6,2 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Қаржы станциялардың тозуын 15%-ға азайтып, өндіріс қуатын қосымша 7,3 ГВт-қа арттырмақ. Оған қоса Түркістан облысында бу-газ қондырғысы негізінде электр станциясы салу жоспарланса, Қызылорда қаласында ЖЭО құрылысы басталған.

Мұнай-газ: 15 млрд доллар инвестиция салынады

Президент Жолдауларында мұнай-газ химиясы саласын дамытуға ерекше назар аударып келеді. Әсіресе геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, жаңа кен орындарын ашуды ұсынғалы көп болды. Өткен жылдан бастап осы бағытты ілгерілеу байқалады. Қазір 6 ірі жобаға 15 млрд АҚШ долллары көлемінде инвестиция салу жоспарланған. Бастама сәтті жүзеге асса, өнеркәсіп ауқымы көбейіп, жоғары технологиялық өнімдер ассортименті кеңеюі ықтимал. Экономиканы декарбонизациялау үшін стратегиялық кластер қалыптастыруға да жол ашылады.

Ескеретін жайт, мұнай-газ саласын ілгерілету үшін жаңа кен орындары қажет, онсыз өндіріс көлемін ұлғайту қиынның қиыны. Ал қазіргі кен орындарындағы шикізат көлемі жылдан-жылға төмендеп келеді.

мұнай-газ
Инфографика: Kazinform

Осы мақсатта кейінгі жылдары  шетелдік инвесторлармен бірлесіп геологиялық барлау жұмысын жүйелі жүргізілуде. Бірақ әзірге нақты іске қосылған кен орнын көрмедік. Сарапшы Асқар Исмаиловтың айтуынша, барлау жұмысы мен кен орнын қолданысқа беру процесі 5-6 жылға созылуы мүмкін. Инвесторлардың көбі қазіргі кен орындарына құмар, өзге жерден іздеуге құлықсыз.

– Қазақстанның дәлелденген мұнай қоры шамамен 30 млрд баррельді құрайды. Ағымдағы өндіріс көлемімен (тәулігіне 1,8-1,9 млн баррель) есептесек, қор 40 жылға жетуі тиіс. Алайда қазірден өндіріс инфрақұрылымы дағдарыс кезеңіне тірелді: кен орындары (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) мұнай қорының соңғы деңгейіне жақындап, техникалық қиындыққа тап болуда, – дейді спикер.

Асқар Исмаиловтың сөзінше, алдағы 10 жылда мұнай өндірісі айтарлықтай азаяды. Бұл мұнай сарқылады деген сөз емес, тек геологиялық барлау ісіне инвестиция аз бөлініп, мұнай өндірісіне жаңа технологиялардың енгізілмеуі әсер етеді.

«Үш кит»: Кен орнына инвестиция салу тиімді ме?

Ал мұнай-газ сарапшысы Абзал Нарымбетов геологиялық барлау жұмысының жетілмеуі саладағы «үш кит» – Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарының мұнай өндіру үлесін ұлғайта береді дегенді айтты.

мұнай газ сарапшысы Абзал Нарымбетов
Фото: Абзал Нарымбетовтің жеке мұрағатынан

– Бүгінде Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындары 70% өнім шығарады, қалған кен орындарындағы үлес - небары 30%. Қалған кен орындарындағы қор жылдан-жылға азайып келеді. Егер осы қарқынмен кетсек, жоғарыда атаған үш кен орнының үлесі 80% болуы мүмкін. Бұл жаңа кен орындарының ашылмауының салдарынан туындап отыр. Кейінгі 10 жылда үлкен кен орындары пайдалануға берілмегені сөзімізге дәлел бола алады, – дейді ол. 

Осы орайда сарапшы Асқар Исмаилов мұнай қорын есептеудің жаңа әдістемесін енгізу керек деп санайды.

– Халықаралық PRSM стандартын қолдануды ұдайы кейінге қалдыру елдің нақты ресурстық базасын шамалауға мүмкіндік бермей келеді. Менің ойымша, Президенттің PRSM-ге көшу туралы тапсырмасын орындау әдейі созбақталып кетті. Себебі PRSM-ге көшу кеңестік стандарт арқылы пайда табуға үйренген компаниялардың бизнес-үлгісін бұзуы мүмкін. Бірақ жүйені енгізуді кейінге қалдыру саланың дамуын тежейтін болады. Бұл - мемлекеттік маңызы бар мәселе: PRSM стандартына көшсек, Қазақстан инвестициялық тартымдылық рейтингінде айтарлықтай жоғарылайды, инвесторлардың сенімі артады, – дейді Асқар Исмаилов.

Сонымен қатар Абзал Нарымбетов саладағы инвестициялық өзгеріске геосаяси ахуал ықпал етіп отыр деген ойда. Қазір мұнай-газ саласындағы инвесторлардың көбі Қытай мен Ресейден келуде, бұрын бұл санатта Батыс елдерінің компаниялары көп-тін. Оның үстіне қазақстандық мекемелер де қызығушылық таныта бастаған. Мұның бәрі мұнай өндіру мен барлау ісінің қайта қалыптасуына итермелеп отыр.

– Салаға, бәлкім, соңғы 10 жылда көп инвестиция, қаражат құйылмады. Қазір ынталандыру бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде іс қайта жанданып келеді. «Модельдік келісімшарт» жүйесі де көп көмегін тигізді. Сондықтан шетелдік және жергілілкті инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Бір жағынан, қазақстандық компаниялар үшін мұнай-газ саласы өте тәуекелі мол бағыт екенін ұмытпау керек, қайтарымы да уақыт еншісінде. Кен орнын игеру, ұңғыма қазу, инфрақұрылым дамыту 5-10 жылға созылады, – дейді спикер.

мұнай-газ
Инфографика: Kazinform

Кен орындарын ашу бастамасы тек мұнайға қатысты емес, газ саласында да жаңа жобалар жетерлік. Мәселен, екі жыл бұрын Анабай, Шығыс Өріктау мен Рожков кен орындары өнеркәсіптік игеруге енгізілген болатын. Жаңаөзен қаласында қуатты жылына 900 млн м3 жаңа ГӨЗ құрылысы басталды. 2026 мен 2027 жылдары Батыс Прорва, Қаламқас, Өрік­тау орталық кен орындарын іске қосу жоспарланған.

Сонымен қатар келесі жылы Қашаған кен орнында жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт салынбақ. Оған қоса 2030 жылы кен орнында 2,5 млрд текше метр газ өңдеу зауытының құрылысы аяқталады. Екі жобаны іске асыру үшін Қатар инвесторлары тартылған.

Алайда мемлекет инвестициясының қайтарымы да күмәнді күйде. Абзал Нарымбетов ел қаржысының үш кен орнына бағытталуын оң қадам санамайды.

– Әрине, үш ірі кен орны мұнай-газ саласында маңызға ие. Мысалы, «Теңізшевройл» – компаниясы салық төлеуде көшбасшы. Көптеген адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірақ ел үшін пайдасы сол ғана ма? Инвестицияның қайтымы болуы керек, қаржы өз-өзін ақтауы шарт. Бұрын салынған қаражат ақталмағандықтан, қазір мемлекет тек 2% пайда көріп отыр. Шыны керек, жақсы жаңалық емес. Сондықтан мұнай-газ саласына кететін инвестицияға қоғамдық жоба ретінде қарамау орынды, керісінше, коммерциялық пайда әкелуін қадағалау керек, – деді сарапшы.

Энергетика бағыты тек өндіріс үшін тиімді емес, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 жаңа өндіріс орны салынып, 3,5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделген. Мұнай-газ химия саласында 3500 тұрақты және 16000 уақытша жұмыс орындарын құру жоспары бар.

Соңғы жаңалықтар