Қазақстан ЕО-ның маңызды экономикалық серіктесіне айналып келеді – еуродепутат

Қараша айы Еуропарламент депутаттары мен қазақстандық әріптестер арасында саяси байланыстарға толы болды. Брюссельде Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 20-шы отырысы өтті. Сондай-ақ еуропалық депутаттар «Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы» аясында Қазақстан Парламентінің бір топ әйел депутаттарымен кездесті. Осы іс-шаралар барысынд Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Еуропарламент депутаттарының ЕО мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасы туралы пікірін сұрады. 

Қазақстан ЕО-ның маңызды экономикалық серіктесіне айналып келеді – еуродепутат
Фото: pixabay.com

«Қазір Еуропа қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр, атап айтқанда Украинадағы оқиғалар мен Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты. Жалпы дүние жүзінде экономикалық жағдай күрделі болып тұр. Энергия көздерінің бағасы өсіп, жаңа экономикалық байланыстар мен үлгілер қалыптасып жатыр. Еуропалық Одақ Ресеймен экономикалық қарым-қатынасын үзуге мәжбүр болды. Бізге өз саудамызды әртараптандыруға тура келеді. Екінші жағынан, біз Қытай сияқты басқа мемлекеттерге қатты тәуелді болғымыз келмейді. Осының аясында біз Орталық Азия мемлекеттерінде, ең алдымен Қазақстанда өзіміз үшін маңызды сауда серіктестерін таба аламыз деп ойлаймын. Әлемде геосаяси жағдайдың өзгеріп жатқанын тағы да атап өткім келеді. Бұл ретте Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанатынын білеміз. Біз ЕО-да Қазақстанмен байланысымызды кеңейтуге ниеттіміз. Ең алдымен, сауда, экономика, энергия импорты саласында», - деді Еуропарламент депутаты Франсиско Хосе Миллан Мон.

Литвалық Еуропарламент депутаты Раса Юкнявичене Қазақстан географиялық тұрғыдан Еуропаға жатпағанымен, ЕО-ға жақын ел деп есептейді.

«Кеңес Одағы жаулап алған Литвада дүниеге келген адам ретінде мен Қазақстан халқы кейбір еуропалық мемлекеттерге қарағанда кейде бізге, еуропалықтарға әлдеқайда жақын деп есептеймін. Сталиндік қуғын-сүргін кезінде Қазақстанға жер аударылған адамдарға оң көзқараспен қарайтындары үшін қазақ халқына деген құрметім жоғары. Сол себепті Қазақстанмен көбірек бірге жұмыс істеу керектігін түсінемін», - деп атап өтті Еуропарламент депутаты.

Соңғы жаңалықтар